Қарияларды қуантты

Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қараған елдің ұрпағымыз. Бұл қасиет біздің қанымызға әбден сіңген. Сондықтан болар, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қамқорлық жасаудан жалыққан емес. Жуырда білім ошағымыздың «Хан тәңірі» шаңырағының шәкірттері «Қарттарға деген қамқорлықпен» атты жобасының аясында  қаламыздағы Қарттар үйіндегі ата –әжелерінің көңілін аулап қайтты. Қарттар үйі «Хан тәңірі» шаңырағымен әлеуметтік серіктес. Осы серіктестіктің арқасында кейінгі жас толқын аға буынның көңілін жай ғана аулап қана қоймай, мүмкіндігінше қолұшын беріп келеді.

– Екіжақты меморандум аясында жұмыс жасап келеміз. Бұл жолы біз қарияларымыздың сұрауы бойынша шытырман оқиғалы 43 дана көркем әдебиет кітаптарын сыйға тарттық. Бұдан бөлек, ісмер әжелерімізге деп 50 дана тоқыма жібін апардық. Қарттар үйі басшылығымен ақылдаса отырып, алдағы уақытта қай бағытта жұмыс жасайтындығымыз шешілді. Жоспарымызда 30 түп гүл көшеттерін отырғызу мен онлайн концерт қою, сондай-ақ жылдың әр мезгілінде қарттар үйінің ауласына сенбілік жасау сынды жұмыстар бар. Бұл жолғы сапарымызда карантиндік талаптардың барлығын сақтай отырып, балалар мен өзге де адамдардың денсаулығына залал тиместей сақтық шаралары қатаң ойластырылды, – дейді «Хан тәңірі» шаңырағының жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы-куратор Ақлима Мэлсқызы.
Оқушылар қарияларға жүрекжарды тілектерін алдын-ала жазылған  хаттары арқылы жеткізді.

– Сіздермен әлеуметтік серіктес болғанымызға өте қуаныштымыз. Біздегі ата-әжелеріміз кітап оқығанды ерекше жақсы көреді. Сіздер тарту еткен жаңа кітаптар оларды үлкен қуанышқа бөлейтініне сөз жоқ.  Ал тоқыма жіптермен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тоқыма бұйымдарын әзірлейтін боламыз. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасады деп үміттенеміз, –  қарттар үйі директорының орынбасары Лариса Исаева.
Балалардың шағын сыйлығына аналық ризашылығын білдірген әжелеріміздің бірі өз қолынан шыққан тоқыма бұйымын сыйлады.

Баспасөз қызметі