Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайық!

 

Бала тәрбиелеу өз алдына бір мектеп. Білген жүйелі жолы бар ғылым іспеттес. Әсіресе, баланың жасөспірім шағы ата-ана тарапынан ерекше қадағалауды қажет ететін кезең. Бұл ретте білім беру мекемелерінің көмегінің қажеттілігі сезіледі. Бүгінгідей қашықтықтан білім алу уақытында мектебіміз тарапынан ата-аналарымызға қолдау мейлінше жасалып келеді. Бұл іске мектеп басшылығы, педагог-ұйымдастырушы-кураторлар, психологтар жұмыла кірісіп жүр. Мәселен, жуырда “Мен жасөспірімнің ата-анасымын. Жасөспіріммен қалай қарым-қатынас жасауға болады?» тақырыбымен вебинар өтті. Вебинарға 11 сыныптың 130 ата-анасы қатысты.

Вебинардың мақсаты – ата-аналарға балаларымен өнімді коммуникативті қарым-қатынас құру үшін қажетті білім мен практикалық дағдыларды алуына ақпараттық көмек беру. Соның арқасында вебинарға қатысқан әрбір ата-ана жасөспірімдердің физиологиялық ерекшеліктері туралы толыққанды мәлімет алып,  баланы қолдау тәсілдері туралы жаттығулармен танысты. Вебинарға қатысқан мектеп психологы  Әлия Жоламанова отбасын психологиялық қолдау ресурстары туралы, “Үйде оқытуды қалай ұйымдастыру керек?” тақырыбында жадынамалар таратып, сұрақ- жауап (диалогтық) алаңын ұйымдастырды. Ата- аналар микрофон немесе  чат арқылы байланысқа шығып, өз ойларымен бөлісті.

Вебинар барысында 11 сынып кураторлары Н.Сұлтаева, М.Қажыкенов, М.Имангаликова, А.Ибрагимовалар биылғы оқу жылында қолға алынатын жаңа жоба «Ата-аналар университеті» -нің тақырыптары, мақсаты, өткізілу әдістерімен таныстырды. Бұл жобадан әр ата-ана отбасы мен мектеп қарым-қатынасының маңыздылығы және жасөспіріммен қалай сәтті қарым-қатынас жасауға болатындығы туралы үйренетіндігі айтылды. Сонымен қатар 11 «А» сыныбының ата-аналар комитетінің  төрайымы Ардак Рахимбекқызы  бала үшін бас ұстаз ата-ана екенін ескеру керектігін, жақсы ата-ана бола білу аса жауапты іс екендігін осы жоба арқылы түсінуге болатындығын атап өтті.

Н.Сұлтаева,
Ж.Имангаликова,
М.Қажыкенов,
А.Ибрагимова,
педагог-ұйымдастырушы- кураторлар
Ә.Жоламанова,
психолог