Жас зерттеушілер сайысы

Біз өз шәкірттеріміздің арасынан болашақта отандық ғылым саласына жаңалық енгізетін мықты мамандардың өсіп шығатынына сенеміз. Бұған оқушыларымыздың қолға алып, үлкен шаруаға қозғаушы боларлықтай ғылыми жобаларын көргенде көз жеткіземіз.

Соңғы 2 күн бойы білім ошағымызда республикалық ғылыми жобалардың сайысының мектепішілік кезеңі өтті. Оған түрлі тақырыптарды қамтыған 30 жоба ұсынылды. 40 –тан астам оқушылардың әділқазылар алқасына ұсынған еңбектерінің арасында физика, нанотехнология, техника, жер мен ғарыш, қолданбалы математика, информатика, химия, қоршаған ортаны қорғау, тіл, әдебиет, өлкетану, өлкетану және ағылшын тілі сынды салалар кездеседі.

Бірлесе еңбектенгендердің қатарында Аружан Тоқанова, Айбек Серікқали, Мирас Мұратқанов есімді жас зерттеушілер бар. 11 сынып оқушылары өз жобаларын «AutoEcoCup» деп атапты.

– Біз бұл жұмыспен 3 ай көлемінде айналыстық. Физика, информатика, химия пәндерін кіріктіре отырып жасаған жобамыз бойынша ауаны көмірқышқыл газынан тазалайтын мобильді жүйелерді таныстырдық. Біздің есептеуіміз бойынша, әзірге макеті құрастырылған машина қаланы аралап, ең лас аймақтардың ауасын тазалайтын болады. Бұл робот машина берілген маршрут бойынша өздігін жүріп отырады, – дейді Аружан Тоқанова.

Қазылар алқасы бірауыздан 10 жобаны таңдап алып, олар Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өтетін желілік сайысқа қатысатын болып шешілді.

Баспасөз қызметі