Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы «Ұлағатты ұстазға ыстық ықыласпен!» әлеуметтік жобасына қолдау білдіріп, зейнеткер әріптестеріне «Білімді ел – Образованная страна» республикалық басылымының 1 жылдық жазылымын сыйға тартты. Осылайша  олар ардагерлерге мереке қарсаңында жақсы көңіл-күй сыйлады.

Мектебіміздің 10 жылдық тарихында сан түлекті үлкен өмірге қанаттандырған ұстаздардың алды құрметті зейнеткерлікте. Бірақ байланыс үзілген емес. Хат-хабар алысып, кейінгі жас буын аға ұрпақтан хал сұрасып тұрады.

– «Ұлағатты ұстазға ыстық ықыласпен!» әлеуметтік жобасы жер-жерде көпшіліктен қолдау тапқанын естіп, бізде қалыс қалмауға тырыстық. Мектеп басшылығымен ақылдаса отырып, әр әдістемелік бірлестік бір ардагер ұстазға сый – құрмет көрсету ұйғарылды. Тіптен отбасылық жағдайға байланысты басқа қалаларға көшіп кеткен зейнеткерлерімізге пошта болмаса сәлемдеме арқылы газеттің бір жылдық жазылым сертификаты мен бір шоқ гүл жолданды. Ал Семейдегі зейнеткерлерімізді үйлеріне құттықтап барып, емен-жарқын әңгімелестік, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Асулан Кәкенов.

Ұстаздар күні қарсаңында дәл осындай мәртебеге мектебімізде еңбек етіп, өзінің қолтаңбасын қалдырған Бақтыкамал Балғабаева, Райхан Жүнісова, Ләззат Мақтаева, Замира Мамадилова, Елена Попова, Әсетай Дүйсембекова, Төлеуғайша Нысанбаева, Ольга Костина, Людмила Шаталова сынды әріптестеріміз ие болды.

Ардагер ұстаздар өз кезегінде тосын сый жасаған мектеп ұжымына жүрекжарды алғыстарын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Баспасөз қызметі