Аға ұрпаққа жылулық сыйлайық!

2020 жылдың 1 қазанында әлем қарттар күнін 30 –шы мәрте атап өтеді. Дәл осы күні бізге біздің ет жақын ата-әжелерімізге мейлінше көңіл бөліп, құрмет көрсетуге таптырмас мүмкіндік туады. Аға ұрпақтың жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың дұрыс қалыптасуына сіңіріп жатқан еңбектері ұшан-теңіз. Ал оларға бізден керегі – қамқорлық, күтім мен көңіл бөлу ғана.

Covid-19 пандемиясы бәрінен бұрын қарияларға қиындық тудыруда. Бір сөзбен айтқанда, қол – аяқтарын матап тастады десе де болады. Міне дәл осындай кезеңде біздің көмегіміз ерекше қажет.

Ата-әжелерімізге ризашылығымызды білдірудің сан жолы бар. Олардың үйіне құттықтап барып, әңгімелесіп, тіптен өлең арнап, ән салып болмаса бір аспап та ойнап берсең де көңілдері бір марқайып қалады. Сондықтан олардың бар екенін ұмытпайық. Олармен өткізген әрбір сәтімізді бағалайық.Ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, сілтеген жолымен жүруге тырысалық.

Еріктілер қозғалысын дамыту аясында «Елбасы» медалі жобасына қатысушы ретінде  Зоя Петровна, Назиха Хаджиевна, Абайхан Сүлейменұлы, Мария Темірғалиқызы сынды жалғызбасты қариялардың үйіне барып, мерекелерімен құттықтадым. Өзіммен бірге аздаған тәтті тағамдар, ашық хат, бетперде апарып табыстап, домбырамен күй орындап бердім. Сыйлық оларға жылулық сыйламайды, көңіл бөлу мерейлерін көтереді. Өйткені, қамқорлықтан асқан не бар дейсіз?

Ермек Азбергенов,
10 «Д» сыныбының оқушысы