Онлайн – бағдарлау сессиялары өтуде

Биыл мектебіміздің 7 –ші сыныбына 144 оқушы қабылданды. Бұлардың барлығы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын жеңіп алғандар. Зияткерлік мектептегі алғашқы оқу маусымы қарсаңында білім мекемесінің ұстаздар қауымы өз шәкірттері мен олардың ата-аналарына арнап онлайн –бағдарлау сессияларын өткізуде.

Бір аптаға жоспарланған сессия барысында мектеп басшылығы мен ұстаздары  оқушылар мен ата-аналарға қажетті барлық ақпараттармен бөлісуге дайын. Соның ішінде мектеп тарихынан бастап, оқу-тәрбие ісіне қатысты құнды деректер бар.  Онлайн сессияға қатысушылар «NIS –programme/IB» білім беру бағдарламаларымен танысып, қашықтықтан сабақтың қалай өткізілетіні, оған қандай ресурстар керегі жайлы да естіп біле алады.

Сонымен қатар олимпиадалық қозғалыс, ғылыми қызмет, өзін-өзі басқару ұйымы, үйірмелер жұмыстарынан хабардар болып, мектепте, үйде балаға психологиялық қолдау керектігі жайында да мәліметтермен қанығады. Қазірдің өзінде мектеп басшылығы, директордың орынбасарлары, кураторлар, пән мұғалімдері белгіленген кесте бойынша сабақтар өткізіп үлгерді.

Жалпы бұл шараға мектеп ұжымы бір кісідей атсалысып отырғанын айта кеткеніміз жөн.

Баспасөз қызметі