Альсана – Абай оқуларының жүлдегері

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Альсана Смаилова Елбасы кітапханасы ұйымдастырған дәстүрлі «ІV Абай оқулары» әдебиет сайысында жүлделі 2 – орынға ие болды. Сайыс  ұлы ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Талап бойынша үміткер ақынның кез-келген өлеңін жатқа оқып, оны «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желісіне #ЕлбасыКітапханасыАбай #АбайдыОқимыз175 #БиблиотекаЕлбасыАбай #читаемАбая175 хештегімен орналастыруы керек.

– Әдеби сайыс жайлы ұстазым Айгүл Бақдәулетқызынан естідім. Абай атамыздың 175 мерейтойына оның шығармаларын насихаттау арқылы үлес қосуды көздеп қатысуға бірден бел будым. Ақынның қай өлеңін алып қарасақ та, тағылым мен тәрбиеге тұнып тұр. Дегенмен байқауда ойшылдың 1902 жылы жазған «Жүрек –теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» атты өлеңін жатқа оқыдым. Бұл туындының әрбір тармағында терең философиялық мағына жатыр, сондай-ақ бірқатар маңызды құндылықтар жөнінде айтылады, -дейді шәкіртіміз.

Деректерге сүйенсек, әдеби байқау өткізіліп келе жатқалы мыңнан аса адам қатысқан көрінеді. Тіптен өз өнерлерін сынауға ниет білдіргендердің арасында елімізден бөлек шет мемлекет азаматтары да өтініш білдірген.

Баспасөз қызметі