8 – ші түлектеріміз үлкен өмірге аттанды

Түлектеріміздің мектеп бітіру кеші ерекше өтті. Ерекшелігі сол – әлемдегі короновирус пандемиясының алдын–алуға бағытталған қатаң шаралары бізде де сақталып, санитарлық талаптар толық орындалды. Нәтижесінде мектеп ауласында өткізілген түлектерге аттестат тапсыру салтанаты «әлеуметтік арақашықтықты» сақтай отырып, әр сыныпқа жеке-жеке ұйымдастырылды. Білім ошағы қақпасында дәрігер кезекшілік етіп, әр келушінің дене қызуы есептелді, дезинфекциялық сұйықтықпен қолдары зарарсыздандырылды. Сонымен қатар ата-аналардың, түлектердің, ұстаздардың  барлығында бетперде мен қорғаныш қолғаптарының болуы қатаң қадағаланды.

Ағымдағы жылы 63 түлек үлкен өмірге қадам басты. Солардың алғашқыларына қазірдің өзінде еліміз бен әлемнің ең таңдаулы деген оқу орындары шақырту жіберген. Мәселен, Еркебұлан Иманбаев есімді түлегіміз Абу-Даби қаласындағы Нью-Иорк университетінің, Ұлан Сейітқалиев Катардағы Карнеги-Меллон университетінің студенттері атанса, Әлішер Абылқасымов Венгрияның, Аружан Сарбиева  Кореяның алдыңғы қатарлы оқу орындарынан шақырту алған. Жалпы алғанда 15 түлегіміз рейтингі жоғары халықаралық жоғары оқу орындарына шақырту алды. 18 шәкіртіміз Назарбаев Университетінің даярлық курсына, Аружан Тұрсынханова есімді  түлегіміз аталмыш университеттің 1 курсына қабылданды.

– Оқу жылы біз үшін табысты аяқталды деуімізге  болады. Өйткені, Дана Ахмерова, Асылжан Дәуренқызы, Еркебұлан Иманбаев, Ұлан Сейітқалиев, Гүлдария Жарқынбекова, Адель Фергатова, Аружан Тұрсынханова есімді түлектеріміз «Алтын белгіге», Әлішер Абылқасымов, Жанеля Абылқасымова, Бауыржан Төлеубеков, Камила Байтлеуова, Алия Мустафина, Эдельвейс Азубаева, Дария Уйсенғали сынды түлектеріміз «Үздік аттестатқа» ие болды. Еліміздің ертеңі болар түлектерімізге ақжол тілеп,  сәт-сапар дегіміз келеді, – деді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов өз құттықтауында.

Аттестат табыстау салтанатында ұстаздар мен ата-аналардың  жылы лебіздері, мен түлектердің жүрекжарды алғыс сөздеріне де кезек берілді. Шара барысында мектептің қоғамдық ісіне белсене араласқан шәкірттеріміздің есімдері аталып, Алғыс хаттар табысталды.

Баспасөз қызметі