Жазғы мектеп басталды

Көптен күткен жаз мезілі де келіп жетті. Мектебіміздің  оқушылары демалысқа шыға салысымен сағына күткен жазғы мектепті 26 мамыр күні бастап та кетті. Биылғы жазғы мектеп «Green World»  деп аталды. Қашықтықтан болғандықтан ерекшеліктері де жетерлік. Шығармашылық топ мүшелері құрылып, алдын-ала әр күнді қызықты өткізу мақсатына тақырыптар құрастырып, жоспар жасап, тәлімгерлер мен еріктілерге таныстырылған болатын.

Асыға күткен балалар сағат 10.00-де Microsoft Teams платформасында жазғы мектептің салтанатты ашылуына қатысты. Жүргізушілер өздерін тележүргізуші ретінде сезініп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жазғы мектептің ашылуы қысқа да, нұсқа өткізілді. Мектеп директоры Бағдан Қайыржановтың құттықтауынан соң, мектептегі күндер туралы бейнебаян көріп, шығармашылық топтың мүшесі Дана Асхатқызының жасырған жұмбақтарын шешіп, көңілдері көтеріліп қалды. Балалардың қалаулары бойынша құрылған топтың өз еріктілері «Say Hello!» атты қашықтық-активити сабағында топ мүшелерінің танысуын, топ көшбасшысын, топтың атын, аватаркасын құрастырып, ертеңгі күнге тапсырма алып,  бүгінгі күнге өз көзқарастарын білдірді. Сабақ кестесі бойынша олимпиада мектебі сабақтарына қатысты. Бір-бірлеріне сәттілік тілеп, тарасты.

Меруерт Биахметова,
Ұйымдастырушы-педагог-куратор