Дарынды Дархан, үздік Ұлан

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушылары Ұлан Талғатов пен Дархан Оралханов «Ұлы даланың – Ұлы Абайы» атты республикалық балалар өнер байқауында 1-ші орынды жеңіп алды. «Жарқын болашақ» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырған доданың «Аспапта ойнау» аталымында Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін шәкірттеріміз екі дауыста орындап шықты.

– Дәстүрлі байқау балалардың жас ерекшелігін ескере отырып,  7 жанр бойынша өткізілді. Ұлан мен Дархан  мектебіміздегі талантты шәкірттердің қатарынан. Бір атап өтерлігі – олардың екеуі де домбырада ойнауды білмейтін. Азғана уақыттың ішінде бірнеше күйді үйреніп, тіптен байқауларға қатысатын дәрежеге жетті. Осының барлығы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі желілік «100 күй» жобасының жемісі, – дейді домбыра үйірмесінің мұғалімі Мадияр Аширов.

Байқаудың 1-ші орын жүлдесін жеңіп алып, лауреат атанған қос домбырашы бұнымен тоқтамақ емес. Енді олар Алматы қаласында мамыр айында өтетін өнер бәйгесінің ақтық кезеңіне қатысып,  бақтарын сынамақ. Өнерлі өрендерге сәттілік тілейміз!

Баспасөз қызметі