Екі дәуір өкілі ой бөлісті

“Ұрпақтар сабақтастығы” желілік жобасы мектеп оқушыларының қызығушылығын тудырған шараның біріне айналды. Әр кездесу сайын аға буын өкілдерінің ғибратты әңгімелерін тыңдап, қызығы мен қиындығы қатар жүрген өмір жолдарымен танысу арқылы ертеңгі күніне азық боларлық мол өсиет алып келе жатыр.

Мектебіміздің кітапханасында ұйымдастырылған кезекті басқосуға салық, қаржы, сауда, өнеркәсіп салаларында еңбек еткен Сіләмғазы-Зейнеп Нұғымановтар, Сайрамхан Елеуова, Бейсенқан Жұмаділов сынды зейнеткерлер шақырылды. 7-9 сыныптарда білім алатын немерелерімен дидарласқан ата-әжелер кездесудің қызықты өтуіне атсалысты.

– Біз білім ошағымызда өтіп жататын қандай шара болмасын тыс қалмауға тырысамыз. Бұл жолы да кураторлармен тізе қоса отырып, шәкірттерімізді тәрбиелік мәні зор рухани дамуға жетелейтін кездесудің куәсі болып отырмыз. Кездесу барысында жазушы Маргарет Уайльд Рон Брукстің «Лис» кітабы оқылып, кітаптағы кейіпкерлер, олардың іс-әрекеттері талқыланды. Жалпы бұл шығарманы оқыған адам достық пен қастық, адалдық пен сатқындық, мейірбандық пен зұлымдықпен  жақынырақ танысады. Біз осы кітапты оқи отырып, оқушыларымыздың санасына теріс пиғылдан ауаша болуға шақырдық. Бұл ретте қонаққа келген ата-әжелеріміздің белсене араласып, өз ойларын ортаға салулары кездесуіміздің қызықты өтуіне әсерін тигізді, -дейді мектеп кітапханашысы Шолпан Сүмбембаева.

Оқушылар өз тарапынан шығармадағы басты кейіпкерлердің мінездерін талқылауға қатысып, өз ойларын ашық жеткізді. Тіптен кітап аясында толғандырған сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Кездесу соңы ата-әжелердің бата-тілегімен қорытындыланып, шараны ұйымдастырушы ұстаздарға алғыс айтты.

Баспасөз қызметі