Өнертапқыштық есептер шешу сайысы

Жуырда Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде  өңірлік білім мекемелерінің  8-9 сыныптары оқушылары арасында «Өнертапқыштық есептерді шешу» атты командалық сайыс өтті.

Мектеп ұстазы Құралай Қалиева осыдан 4 жыл бұрын әйгілі ТРИЗ (Теория решения изобретательских задач) шебері Анатолий Гиннен дәріс алып, үйренгенін жүзеге асыруды 7-8 сыныптарға арналған «Өнертапқыштық есептер шешу» таңдау курсын жүргізуден бастаған. Аталған курста білімін шыңдаған оқушылар командасы өткен және биылғы оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы «Креатив-тартыс» ойынында жүлделі 3- ші дәрежелі диплом еншілеген. Осы жылдар арасында әріптесіміз қаладағы №3 жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен ұстаздарына арналған шеберлік сағатын, ал былтырғы оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін тарату аясында «ТРИЗ» бойынша қала мектептеріндегі әріптестеріне семинарлар өткізген болатын.

Мұның жалғасы әрі нәтижесі ретінде қаңтар айында Құралай Ақылбердіқызы өңірлік мектептердегі 8-9 сынып оқушылары арасында «Креатив-тартыс» форматында қаламызда алғаш рет «Өнертапқыштық есептер шешу» командалық сайыс ойынын  ұйымдастырып отыр. Сайысқа қатысуға 16 мектеп ұсыныс білдіріп, нәтижесінде 45 оқушы мен  15 мұғалім қатысты. Іс-шара мақсаты –  командалық шешім арқылы оқушыларды өнертабыстық идеяға, аналитикалық ойлау дағдыларын дамытуға жетелеу.  Өнертабыстар есебі – бұл ашық (өнертапқыштық немесе зерттеушілік) сұрақтар, әдетте, мүмкін шешімдері көп болатын есептер. Осы ретте, ХХI ғасырдың оқыту мен оқу қағидаттарында атап көрсетілген – оқушылардың функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауы мен сөз мәнерін дамыту туралы айта кеткен жөн болар.

Мектеп директоры Бағдан Қайыржанов шараның ашылуында сөз сөйлеп, келген қонақтар мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге, Бағдан Тоқтамысұлы өз сөзінде заманауи оқыту мен оқудағы тенденциялар мен білім алудағы оқушы құзыреттілігінің айнымас бөлігі ретінде пәнаралық байланыс пен шығармашылық ойлау қажеттілігіне ерекше тоқталды.

Ойыншылар жауабын бағалауды Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары – Б. Жылқыбаев, К.Мирашева, Н.Тұрсынғазин, А.Құрманбаев және 9 сынып оқушысы Нұрай Жұмахановалар аса жоғары жауапкершілікпен атқарып шықты.

Ойын соңында қазылар алқасы командалар ойыны туралы қысқаша пікірін білдірді. Алдын-ала даярланған критерийлер негізінде қорытынды жасалып, ойын жеңімпаздары жариялады. Қатысушы ойыншылар мен команда жетекшілеріне сертификаттар, ал озық ойын көрсетуші командаларға 1, 2 және 3 дәрежелі дипломдар табысталды. Жеңімпаз командалар қатарынан табылған қаламыздағы №20, Приреченская және  №31 орта мектептеріне кітаптар сыйға тартылды.

Наркен Буркенов,
математика пәнінің мұғалімі