Әлеуметтік жобалар фестивалі

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әлеуметтік жобалар фестивалі өтті. Фестивальде білім ошағымыздағы әр шаңырақ өздері жұмыс жасап жүрген әлеуметтік жобаларын таныстырып, ұстаздары мен қатарластарына өткен жарты оқу жылында атқарған жұмыстары жайлы баяндады. Фестивальдің ашылуында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова,  жаһандық перспективалар және жобалық жұмыстар пәнінің мұғалімі Морич Хрвое  сөз алып, оқушылардың жасап жатқан істеріне жоғары баға берді.

– Мектебімізде оқушылардан құралған 14 шаңырақ бар. Әр шаңырақтың өзінің бірлесіп жұмыс жасайтын серіктес ұйым, мекемелері бар. Шаңырақ мүшелері сол серіктестерімен бірлесе жобаларды жүзеге асырумен қатар тренингтер, шеберлік сағаттары, спорттық сайыстар өткізіледі. Әлеуметтік жобалардың қайсын алып қарасаңыз да, өскелең ұрпаққа ой салып, олардың бойында адами ізгі қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған мақсат пен міндет жатыр, – дейді әлеуметтік жобалар үйлестірушісі Динара Нұрғазина.

Фестиваль барысын мектеп директоры Бағдан Қайыржанов тамашалап, шаңырақтардың әр жобасымен жекелей танысты. Оқушылардың әлеуметтік жобаға көзқарасы, жобаның балаға және қоғамға пайдасы жайлы сұрақ қойған басшы өзінің ұстаздық ақыл-кеңесімен бөлісті.

Бүгінгі шарадан «Тарбағатай» шаңырағының «Аялы алақан», «Алаш», «Мұзтау», «Шыңғыстау» шаңырақтарының «Жан жылуы», «Толағай» шаңырағының «Бақыт құшағында», «Шәкәрім» шаңырағының «Жарқын болашақ», «Жидебай», «Ертіс» шаңырақтарының «Жүректен жүрекке», «Алтай», «Қарағайлы», «Берел» шаңырақтарының «Бақытты балалық шақ», «Алтын орда» шаңырағының «4 лапы» атты жобаларымен жақынырақ танысудың сәті түсті.

Аталған жобалардың барлығы қоғамда жақсартуға болатын істерге оқушыларды тарта отырып, оларға әлем жақсы адамдардың көбеюі арқылы нұрлана түсетіндігін түсіндіруге бағыттайды. Өтпелі уақыт ішінде шәкірттеріміз қаламыздағы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығы, есту қабілеті бұзылған (естімейтін) балаларға арналған мектеп-интернаты, коррециялық орталық, балабақша сынды көптеген әлеуметтік мекемелермен тұрақты жұмыс жасап келеді.

Баспасөз қызметі