«БІЗ БІРГЕМІЗ» ЧЕЛЛЕНДЖІ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

«Біз біргеміз» атты қар тазалау челленджі Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғасты. Білім ошағының ұстаздары өз шәкірттерінің ұсынысына қолдау білдіріп, шаһарымыздағы «Ақылтай» балабақшасының ауласын қалың қардан тазартуға бірлесе атсалысты.

Игі іске Зияткерлік мектеп тарапынан 30-ға жуық педагогі мен 100-ге тарта жоғары сынып оқушысы білек сыбана кірісті.

– Биыл елімізде қар мөлшері жылдағыдан артығымен түсіп отыр. Осыған байланысты республикамыздың түкпір-түкпірінде «Біз біргеміз» челленджі өтіп жатыр. Шәкірттеріміз осы шараға бізде қатысалық деген ұсынысына орай мектеп басшылығы, ұжым болып қолұшын беру керек деп шештік. Соның нәтижесінде қажетті құрал-саймандар мен техниканы өзіміз әкеліп, берілген жерді тазалау жұмыстарын жүргізудеміз, -дейді мектеп директорының орынбасары Лариса Абылқасымова.

Жыл бойы түрлі шаралардан шет қалмай, балабақша өміріне белсенді қатысатын оқушылар бүлдіршіндердің аулада емін-еркін серуендеп, алаңдарда ойнауларына жағдай жасау үшін барын салып, көмектесуге әрқашанда даяр екендіктерін жеткізді.

– Осындай акциялар біздің қоғам үшін өте маңызды болып табылады. Өйткені, осындай акциялар арқылы адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы жақсарып, жанашыр, жақсы адамдардың санын артады деп ойлаймыз,- дейді 11 сынып оқушысы Әділ Серік

Республикалық деңгейде қолдау тапқан челленджі Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектептен қабыл алған семейліктер оны жалғастыруды шаһарымыздағы №7, 19, 22, 31, 39 серіктес білім мекемелері мен Қарағандыдағы Зияткерлік мектепке жолдады.

Баспасөз қызметі