Болашақ ұстаздарға арналған конференция

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Шәкәрім университетінің Педагогикалық институт студенттеріне арналған «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар. Жаңартылған білім мазмұны: ерекшеліктері және жоспарлау» атты конференция өтті. Болашақ ұстаздарға арналған конференцияда бірнеше пәндер бағыты бойынша «Білім беру жүйесінің проблемалары», «ҚР жаңартылған білім мазмұны:өзекті бағыттар», «Жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы оқыту үдерісін вертикальды және горизонтальды жоспарлау» тақырыптары сөз болды.

Конференцияның ашылуында мектеп директоры Бағдан Қайыржанов, Шәкәрім Университетінің Педагогикалық институт директоры Ұлан Тілемісовтер бүгінгі шараның студенттер үшін маңызы зор екендігі тоқталды. Ал Шәкәрім Университетінің Педагогикалық институты жаратылыстану-ғылымдар пәндерінің оқу кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.к, ассоциацияланған профессоры Гүлнара Сапарова «Білім беру бағдарламаларында пәнаралық байланыстардың рөлі», Өскемен қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығы әдістемелік орталығының менеджер-әдіскері Дидар Үсенова «Ортақ тақырып аясында оқытудың маңыздылығы» тақырыптарында баяндамалар жасады.

– Біз Зияткерлік мектептің көмегінің арқасында конференцияны екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Биылғы шарамызға педагогикалық мамандықта білім алып жатқан барлық студенттерімізден бөлек, әдіскер-оқытушыларымызды да арнайы қатыстырып отырмыз. Өйткені, жаңартылған білім мазмұнына қатысты жаңашылдық пен өзгерістерді сіздерден үйренуіміз қажет. Студенттеріміз алдағы уақытта мемлекеттік іс-тәжірибеге барады. Сол кезде осы конференциядан алған білімі мен дағдыларын пайдаланады деген үміттеміз, – дейді Шәкәрім Университетінің Педагогикалық институт директоры Ұлан Тілемісов.

300 –ге жуық студент қатысқан конференция түрлі пәндік секцияларға ұласып, әр болашақ ұстаз өзіне қажетті білімді Зияткерлік мектептің мұғалімдерінен алуға тырысты.

Баспасөз қызметі