«Қоғамға қызмет ету» жобасының аясы кеңейеді

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасына қатысты семинар-практикум өтті. Аталған жоба білім ошағымыздағы  тәрбие жұмысының бір өзегі.  Оқушы бойына адамгершілік, елжандылық, қайырымдылық, ізгілік сынды адами қасиеттерді сіңіруді басты мақсаты етіп алған жоба өз жемісін беріп келеді.  Енді осы істің аясын кеңейтіп, тәжірибені қаламыздағы тірек мектептеріне тарату жұмыстары басталды. Семинар-практикумге 70 оқушы, 30 –ға жуық мұғалім шақырылды.

– «Қоғамға қызмет ету» – мектебімізде әбден пісіп-жетілген жоба. Жоба экология, еріктілер, әлеуметтік, қайырымдылық сынды төрт үлкен бағыттарды қамтиды. Соның арқасында қаламыздағы арнайы әлеуметтік көмек көрсету, жасөспірімдерді бейімдеу, түзету орталықтары, бала-бақшамен жұмыс жасаудан бөлек, түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп тұрамыз. Ендігі меже – қаламыздағы барлық орта білім беру мекемелеріне осы тәжірибені енгізу. Бұл ісіміз ұзақ мерзімді. Алдағы 3 айға жоспарланған. Белгіленген уақыт аяқталысымен әр мектеп GIN конференциясында  өз жобаларын қорғайтын болады, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.

Ұзақ мерзімді жоба 14 тірек мектебінің оқушылары мен мұғалімдеріне дәріс беру арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, педагог-ұйымдастырушы-кураторларымыз ментор ретінде бекітіліп берілді. Әр тірек мектебі өзіне бекітілген өзге де білім ошақтарын оқытып, үйретеді. Алғашқы семинар-практикумге қатысушылар алдымен «Қоғамға қызмет ету» жобасы жайлы толық танысты.

– Мен бүгінгі семинар-практикумнен үлкен әсер алдым. Қоғамда орын алып жатқан проблемаларды әр адам өз басына түскен қиындықтай сезіну керектігін ұқтым. Біз бел шешіп, бірлесе кіріскенде ғана қандай мәселе болсын шешуге болатынын түсіндім. Шараға келіп қатысудағы басты мақсатым – әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын үйрену. Осы жерден үйренген тәжірибеме сүйене отырып, өз мектебімде «Жан жылуы» атты жобаны қолға алмақшымын, – дейді №22 лицейдің оқушысы Мадина Қайырбек.

Семинар – практикумде балалар көшбасшы болуға, топта жұмыс жасауға үйренсе, олардың сынып жетекшілері әлеуметтік жобаларды қалай ұйымдастыруға болатыны туралы дәріс алды.

Баспасөз қызметі