Оқушыларымыздың еңбегі «Жылдың жүз үздік ғылыми жобасы » қатарында.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «f» сынып оқушысы Жәмила Жүнісова мен 8 «е» сынып оқушысы Дина Майжановалардың бірлескен зерттеу жұмысы «Жылдың жүз үздік ғылыми жобасына» енді. «Bilim-orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық байқауда жеңімпаз атанған шәкірттеріміз «Көркем шығармалар арқылы қазақ даласында өсетін емдік шөптердің қасиетін танып, химиялық құрамын анықтау» тақырыбында 1 жыл бойы еңбектенген. Зерттеу жұмысы қазақ әдебиеті мен химия пәндері кіріктіріле отырып жасалды.

– Елімізде өсетін емдік қасиеті бар шөптер жайлы зерттеу жүргізу идеясы жазушы Талап Сұлтанбековтің «Сасырдың сүті» шығармасын оқығаннан кейін туды. Біз оған дейін сасыр өсімдігі туралы ештеңе білмейтін едік. Ғылыми жұмыс барысында еліміздегі дәрілік шөптерді жинап, зерттеу жүргіздік, – дейді 11 сынып оқушысы Жәмила Жүнісова.

Жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Маутханқызы мен химия пәнінің мұғалімі Меруерт Құдабекқызы жетекшілік жасап, көмек бергенін айта кетуіміз керек.

– Біз шәкірттеріміздің ынталарына әр кезде қолдау білдіруге әзірміз. Қазірдің өзінде зерттеудің алғашқы кезеңі толық аяқталды деп айта аламыз. Алда келесі кезең тұр. Ол кезде оқушыларымыз облысымыздағы таулы, далалы аймақтардағы сасырды теріп, жинап олардың химиялық құрамын зерттеуге көшеді. Біз бұл кезеңдегі жұмысты белгілі –бір орталықпен бірлесе отырып жүзеге асырмақпыз. Мектебіміздегі химия зертханасының пайдасы да осы кезде тимек. Нәтижесінде сасырдың қандай ауруларға қарсы емдік қасиеті бар екенін анықтағымыз келеді. Ең бастысы медицина мамандарымен бірлесе дәрі жасап көру жоспарымызда бар, – дейді жоба жетекшілері.

Отандық фармокология саласының дамуына үлес қосуды көздеген жобаның арқасында оқушылар үздік атанып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы куәлік және төсбелгімен, ал ұстаздары 1 – ші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Баспасөз қызметі