Мамандықтың жаманы жоқ

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде сапалы білім берумен қатар,  тәрбие жұмысы концепсиясы жекелей қарастырылады. Соның нәтижесінде әр сынып оқушыларының жас ерекшелігі ескеріле отырып, оқушының даму бағыттары басшылыққа алынған. Мәселен, 9 сыныптар үшін «Мамандық әлемі» бағытының маңызы ерекше. Жуырда осы бағыт шеңберінде түрлі сала мамандарымен «Менің тарихым» атты кездесу өтті.

– Бүгінге кездесуімізге негізінен ата-аналар шақырылды. Сол арқылы біз оқушыларымыздың өз ата-аналарының мамандығымен жақынырақ танысуынан бөлек, бала мен ата-ана, мектеп арасындағы байланысты күшейте түсуде көздейміз. Сонымен қатар, шәкірттеріміздің болашақ мамандықтарын дұрыс таңдай білуге, әр мамандық иесінің еңбегін бағалауға тәрбиелейміз. Әріптесім Айжан Сарқытбайқызымен бірлесіп, шараны жүйелі түрде өткізіп тұруға бел буып отырмыз, – дейді мектебіміздің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Гүлмира Орынханова.

Білім ошағымыздың кітапханасында өткен кездесуге мемлекеттік қызмет, журналистика, білім, заң саласында еңбек етіп жүрген мамандар келді. Олар өз мамандықтарының қыр-сырын әңгімелеумен қатар, балалық армандары, алғашқы еңбек жолдары, өз кәсіптерінің қызықтары мен қиындықтары жайлы ой бөлісті. Мәселен, ШҚО мемлекеттік кірістер басқармасы аудит бөлімінің жетекшісі Арман Тілеубеков мамандық таңдаудың адам өміріндегі маңызды сәт екенін айта келіп, әр адам өз қалауы бойынша әрекет еткені дұрыс дегенді тілге тиек етті.

Кездесудің қызықты өткені соншалық, оқушылар өздерін мазалаған сауалдарын кезектесе қойып жатты.

Баспасөз қызметі