Еріктілердің жаңа жылдық сыйлығы

Жаңа жыл қарсаңында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі “NIS Teachers Volunteers” және  “AVC” еріктілер клубы бірлесе отырып, «Жаңа жыл күніндегі ғажайып» атты шара өткізді.

Шараның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қуаныш сыйлау. Қаламыздағы оңалту орталығы қызметкерлерінің берген тізімі бойынша үш жанұяны аралаған Аяз ата мен Ақша қар 8 баланың көңілін аулады.

– Біз 19 желтоқсан күні мектебімізде «Жақсылық жаса» атты қайырымдылық жәрмеңкесін өткізген едік. Жәрмеңкеге сатылымға қойылған түрлі тәтті-тағамдар, жаңа жылдық сыйлықтардың барлығын өз қолымызбен әзірледік. Одан түскен қаржының біраз бөлігіне өзіміз қонаққа барған балаларға  арнап, түрлі сыйлықтар алдық. Біздің шарамызға қолдау білдіріп, Аяз ата рөлін сомдаған әріптесіміз, математика пәнінің мұғалімі Рай Берікқанов пен Ақша қарымыз 11 сынып оқушысы Тоғжан Белдеубаеваға алғысымызды айтамыз, – дейді “NIS Teachers Volunteers” еріктілер клубының жетекшісі Жазира Құрманова.

Ұстаздардан құралған еріктілер клубы шараны алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Баспасөз қызметі