Баспасөз мәслихаты іріктеу конкурсына арналды

ШҚО Семей қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2020-2021 оқу жылына оқушылар контингентін қалыптастыру мақсатында 7 – ші сыныптарында білім алу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау конкурсы жайлы өңір тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатына мектебіміздің директоры Қайыржанов Бағдан Тоқтамысұлы, директордың орынбасары Қайырханова Гүлнара Қайсақызы қатысып, облыстық, қалалық БАҚ өкілдерімен еркін тілдесті.

Сұхбат барысында Бағдан Тоқтамысұлы мектеп, мектептің өткен жылдардағы жетістігі, Зияткерлік мектепте оқудың артықшылығы, мектептегі білім мен тәрбие ісі, оқушыларды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі, орта мектептер мұғалімдеріне таратылып отырған әдістемелік көмектер жайлы кең көлемде мағлұмат берді.

– «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарында 7 сынып оқушылары үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөнінде байқау жарияланды. Құжаттарды қабылдау 2019 жылғы 18 желтоқсан мен 2020 жылғы 31 қаңтар аралығында Семей қаласы бойынша Қарағайлы ықшамауданы, 1 мекен-жайы бойынша жүргізіледі. Зияткерлік мектепке түсуге іріктеу конкурсына қатысу үшін үміткер өтініш беріп, сауалнама толтырады. Және Туу туралы куәлігінің көшірмесі, ЖСН, заңды өкілінің ЖСН көрсетілген жеке куәлігінің көшірмесі, 086/у форматындағы медициналық анықтамасы керек. Үміткер құжаттарды желтоқсан айына дейін тапсырса 5 сыныптың, егер қаңтар айында тапсырса 6 сыныптың І жарты жылдық табелі қабылданады. Құжаттар дүйсенбі-сенбі күндері сағат 9.00-18.00 аралығында, ал жексенбі күндері 10.00-15.00 аралығында қабылданады,- дейді Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Гүлнара Қайырханова.

Үміткерлер білім деңгейін тексеру үшін ақылы сынақ тестілеуге қатыса алады. Барлығы бес сынақ тестілеу жоспарланған. Алдағы уақытта 4 қаңтар, 18 қаңтар және 1 ақпан күндері өтетін сынақ тестілеуді тапсыру мүмкіндігі бар.

Тестілеу математика, сандық сипаттама, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен өтеді. Ең жоғарғы ұпай – 1300 балл: математика пәнінен 400 балл, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен 200 баллдан және сандық сипаттамадан 300 балл.

– Негізгі тестілеу 14-15 наурыз күндері өтеді. Үміткерлер бірінші күні математика пәнінен және логикалық қабілетінен сынақ тапсырады. Тапсырмаларды орындауға алпыс минут уақыт беріледі. Ал келесі күні қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен емтихан алынады. Оған қырық минут уақыт беріледі. Математика бойынша шекті балл – 140, сандық сипаттамадан – 120 балл, – дейді Г.Қайырханова.

Айта кетейік, Назарбаев зияткерлік мектебінің «NIS-PROGRAMM» оқу бағдарламасы бойынша бітірген түлектерге дүние жүзіндегі кез келген оқу орнында оқуға мүмкіндік беріледі. Назарбаев зияткерлік мектебіне білім алушылар тек 7 сыныпқа түсетін кезде қабылданады. Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне шет ауылдардан қабылданған оқушылар үшін 120 орындық жатақханасы бар.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, 8(7222) 63-63-50, 63-22-81 нөмірлеріне хабарласуға болады. Сонымен қатар толығырақ ақпаратты www.nis.edu.kz сайтынан ала аласыздар.