Ашық есік күні өтті

Білім ордамызда Семей қаласы мен өңіріне қарасты орта мектептердің 6-сынып оқушылары үшін б ұйымдастырылған ашық есік күні мерекеге пара-пар өтті. Акт залына жиналған оқушылар алдында сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов зияткерлік білім ұясының артықшылықтары жайлы сөз қозғады.

Ал директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Қайырханова соңғы 10 жылда жеткен жетістіктеріміз, оқу -тәрбие процесі жайлы баяндап, үміткерлер үшін қажетті маңызды ақпараттармен бөлісті. Соңынан мектеп өмірі жайлы әзірленген арнайы бейнесюжет көрсетіліп, мектеп оқушылары мен ұстаздарынан құралған еріктілер тобы келушілер үшін саяхат жүргізді. Саяхат барысында кітапхана, спорт зал, жаттығу залдары, робототехника, асхана,медициналық және түрлі үйірмелер өтетін кабинеттер көрсетілді.

– Мектеп маған қатты ұнады. Әсіресе, кітапхана, спорт зал, робототехника кабинеті қызықтырды. Кітапханадағы сан түрлі кітаптар, олардың орналасуы, түрлі тақырыптылығы ерекше әсер етті. Осы мектепте оқығым келеді. Қазір сынақты ойдағыдай тапсыру үшін дайындалып жатырмын. Өзіме сенімдімін, -дейді ашық есік күніне қатысушы Аружан Қасенова.

Шарадан қанаттанып шыққан оқушылар алға қойған мақсаттарына қалайда жетуге ниет білдіріп аттанды. Өйткені, Зияткерлік мектеп әр талантты, дарынды баланы өз шәкірті етуге қашанда дайын.

Баспасөз қызметі