Мектеп көшбасшылары бас қосты

“Болашаққа сенімді қадаммен”. Жастар жылының аясында дәл осындай тақырыппен білім ордамызда қала мектептері көшбасшыларының форумы өтті. Шаһарымызда тұңғыш рет ұйымдастырылған форум Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті күніне арналды. Форумға  халықаралық коммерциялық емес «Enactus» ұйымының Семей қаласындағы капитаны Бекжан Серікқалиев пен «Салауат» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерасыл Айтбергенов арнайы шақырылды.

– Біздің оқушылар түрлі әлеуметтік жобалармен жұмыс жасайды. Оның ішінде туған қаламызға қатысты мәселелер назардан тыс қалмайды. Ендігі көздегеніміз – өзге мектептердегі замандастарымызбен тізе қоса отырып, бірлесе жұмыс жасау. Сол арқылы ортақ мәселенің оңтайлы шешілуін жеңілдету, – дейді мектебіміздегі көшбасшылар кеңесінің президенті Темірлан Әмірғазин.

Форумға жиыны Семейдегі 39 орта мектептің ұланбасылары немесе олардың мүшелері қатысты. Басты мақсат – белсенді жастардың туған қаламызды көркейту жолындағы жоспарлары мен идеяларын тыңдап, қорытындыға келу. Осыған байланысты жас көшбасшылар Семейдің экологиясынан бастап түрлі тақырыптарда өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге барлығы бірлесе отырып тұрғындарға пайдалы кең көлемді әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Баспасөз қызметі