Қариялар қатысқан интеллектуалды ойындар

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде  “Ұрпақтар сабақтастығы” жобасын жүзеге асыру мақсатында қарияларға арналған интеллектуалды ойындар өткізілді. Шараға мектебіміздің жоғары сынып оқушылары, кітапханашылар, педагог-ұйымдастырушы-кураторлар және ата-әжелер қатысты. Шәкірттерімізбен бұл жолғы кездесуге спорт, білім, медицина, ауылшаруашылығы сынды түрлі салаларда еңбек еткен зейнеткерлер шақырылды.

– «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасымен ағымдағы оқу жылының басынан бері жұмыс жасап келеміз. Осы аралықта оқушыларымыз өмірлік көрген – түйгені мол қазыналы қарияларымызбен жүздесіп, олардың өнеге толы өмір жолдарымен танысты. Аталық өсиеттеріне құлақ түрді. Жобамыз бірнеше бағытты қамтиды. Соның бірі – интеллектуалды ойындарға аға буын өкілдері де қатысып, өз шеберліктерін шыңдап көрсін дедік, – дейді шараны өткізуші педагог-ұйымдастырушы-куратор Жанерке Мейрамғазықызы.

Мектеп кітапханасында өткен зияткерлік ойын шәкірттеріміздің ата-әжелеріне қойған сұрақтарынан басталды. Көнекөз қарияларға өздерін қызықтарын сауалдарын қоя отырып, өткен ғасыр жастарының өмірге, еңбекке көзқарастары мен адамға деген ілтипаттарын естіп, ғибрат алды. Сонымен қатар оқушылар өз өнерлерін де ортаға салып, қариялардың алғысына бөленді. Мәселен, Даяна Урзаканова қариялар жайлы бейнеролик әзірлесе, Әйгерім Айтказинова күй тартып берді. Ал 10 сынып ұлдарынан құралған Виа ағылшын тілінде ән шырқады.

– Үлкенге құрмет көрсету қанымызда бар қасиет. Қай заманда болмасын, қарияларды қатардан қалдырмай оларға қамқорлық жасау – адамгершіліктің белгісі. Бүгінгі басқосуымыздың өзі көңілімізді бір серпілтіп тастады. Бұл мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың беріктігі. Сіздер ұйымдастырылатын шараларға келу біз үшін де қуаныш, мереке деуге болады. Елеп-ескеріп аға буынды естен шығармағандарыңыз үшін ризамын, – дейді  спорт ардагері Амантай Қазимов.

Шара барысында қариялар оқушылармен бірлесе бірнеше топқа бөлініп, өмір бойы оқу, жаһандық азаматтық, құрмет, денсаулық, адалдық, жауапкершілік сынды мектеп құндылықтарына  қатысты өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, пікір алмасты.

Динара Ғабитқызы,
Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің
педагог-ұйымдастырушы-кураторы,
әлеуметтік жобалар үйлестірушісі