Мектебімізге – 10 жыл

Семей қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне биыл 10 жыл. Білім ошағымыз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстандағы 20 мектептің алғашқыларының бірі. 10 жылдық мерейтойға орай  Абай атындағы облыстық сазды-драма театрында «Ұлы дала мұрагерлері» атты мерекелік театрландырылған концерт өтті. Концерт басталмас бұрын қонақтарға мектеп оқушыларының түрлі жобалары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі таныстырылды.

Шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, білім беру ісінің ардагерлері, қала мектептерінің басшылары, ата-аналар, мектеп ұжымы, оқушылар қатысты.

– Елбасы-ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына орай алғашқы болып 2009 жылдың қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласында Зияткерлік мектебі ашылса, сол жылы Көкшетау, Семей шаһарларында да дәл осындай білім мекемелері өз есігін айқара ашып, оқушыларды қабылдады. Біз сол уақытта Елбасымыздың, ҚР Үкіметінің, ҚР Парламентінің, ең бастысы, бізге балаларын сеніп тапсырған ата-аналардың қолдауын ерекше сезіндік. Өтпелі 10 жылда көптеген жетістіктерге жеттік. Түлектеріміз әлемнің үздік 100 оқу орыны қатарына енетін университеттердің студенттері атанды. Біздің балалар Гарвард, Колумбия, Стенфорд университеттерін бағындырды. Бұл мектеп – Елбасының мектебі, бұл мектеп – елге қызмет ететін мектеп. Мереке құтты болсын, той барлығымызға ортақ, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова өз құттықтау сөзінде.

Заманауи үлгіде әзірленген мерекелік концерт Абай, Абылай хан дәуірімен байланыстырылып, тарихқа көз жүгіртті. Оқушылар күшімен орындалған халық әндері, күйлері мен бүгінгі заманның озық туындылары көптің көңілінен шықты. «Асыл», «Самұрық» би топтарының түрлі жанрдағы билері зал толы көрерменді елітіп әкетті. Домбырашылар оркестрі, фольклорлық, вокалдық  ансамбльдер, хор орындаушыларының өнері көрерменнің көңілінен шықты.

– Тарих үшін 10 жыл – қас-қағым сәт. Дегенмен егемен елдің 10 жылының әрқайсысы бір төбе, бір белес. Қаламыздағы үлгілі білім ошағының шәкірттері сын сағатта төбе көрсетіп, елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ендеше, ғылым мен білімнің көші байсалды болсын, – деді Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы өз құттықтауында.

Шара барысында мектеп тарихынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, мектебіміздің озат ұстаздардың бір тобы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Басқарма төрайымының, қала әкімі мен қалалық мәслихаттың  Грамота, Алғыс хаттарымен марапатталады.