Қарттарға бізден құрмет бар

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11  сынып оқушылары «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының аясында халықаралық қарттар күніне орайластырып «Мейірімділік пен құрмет күні» атты шара тәрбиелік мәні зор шара өткізді. Шараға мектеп ұстаздары, оқушылары және қариялар қатысты.  Еркін сұхбаттасу форматында өткізілген шарада оқушылар өздері тарапынан әзірлеген концерттік бағдарламасын ұсынып, ата-әжелері жайлы жүрекжарды ойларын ортаға салды. Келесі кезекте аға буын өкілдерінің жүріп өткен жолы, өмір белестеріне қатысты сауалдар қойған оқушыларымыз тәрбиелік мәні мен маңызы зор салиқалы кеңестерге де құлақ түрді. Шара соңында шәкірттеріміз ата-әжелеріне әзірлеген сыйлықтарын табыс етті.

– Бүгін немереміздің шақыруымен келіп, керемет шараның қонағы болғаныма қуаныштымын. Балаларымыз Зияткерлік мектептің шәкірті деген атқа лайықты өнер көрсетіп, мерейімізді бір өсіріп тастады. Болашақта осы ұрпақтарымыздың арасынан ел тізгінін ұстап, дамуына үлес қосатын нағыз ұлтжанды азаматтар өсіп шығарына кәміл сенемін. Барлығына мың алғыс, -деді өз сөзінде Мұхтарбек Кәрімов есімді қонағымыз.

– «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы мен сияқты Зияткерлік мектептің әрбір оқушысының жасы үлкен қариялардың алдындағы жауапкершілігін арттырып, перзенттік парызын терең түсіне білуге үйретеді. Біз ата-әжелерімізге дәл осы күні ғана емес, сәт сайын құрмет білдіріп отыруымыз қажет. Өткен жолдары өнегеге толы қазыналы қарияларымызбен әңгімелесе отырып,  ойымызда үлкен естеліктер қалды. Сол үшін «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы бүгінгі шарамен ғана шектелмейді, жалғаса береді, -дейді 11  сынып оқушысы Мәди Желдібаев.

Ата-әжелерінің баталарын алған шәкірттеріміз алдағы уақытта да үлкенге құрмет көрсетуді жалғастыра беретіндігін атап өтті.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі