Абай мұрасы – баға жетпес қазына

Мектебімізде өңір тарихын, ел тарихын, мәдениетін терең білуге бағытталған түрлі шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Соның бірі- «Мәдениет» жобасы. Міне осы жобаның аясында 8 сынып оқушылары «Семейім- киелі мекенім» тақырыбымен қаламыздағы Ұлы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайында болып қайтты.

Шәкірттеріміз мұражайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев қолтаңбасы жазылған «Зерде» кітабын көрді. Сонымен бірге «Абай және оның дәуірі», «Жайлау», «Тәкежан бұлағы» залдарын аралады. Әр залдың келушілерге ой салар өз мақсаты бар. Мәселен, «Абай шығармашылығының үш қайнар бұлағы» залы ақын шабытын туғызып, шы­ғармашылығына нәр берген  әлемдік классик ақын жазушыларға арналса, «Жаз» өлеңiне арналған залда сахараның жазғы келбетi кескiнделіпті.

Мұражай қабырғасындағы картадан Қанай, Тышқан, Қасқабұлақ, Тәкежан бұлағы, Үйтастың шартты белгілері арқылы оқушылар «Ұлылар мекеніне» саяхат жасады.

Мұражайдағы Абай дәуірінен мағлұмат беретін домбыра, ер-тұрман, теріден жасалған бұйымдар, Әйгерімнің әшекейлері, Ахат Шәкәрімұлының шапаны шәкірттеріміздің қызығушылығын тудырды.

Соның нәтижесінде, бірде ойшыл, дананың өлеңдерін оқыса, енді бірде «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін ата-аналарымен бірлесе шырқады. Алған әсерлерімен бөліскен олар ұлыдан қалған ұлағатты сөздер-ұрпақ үшін баға жетпес құндылық екенін саналарына түйіп қайтты.

 

А.Ибрагимова,
М.Биахметова,
З.Дәулетова
Ұйымдастырушы-педагог-кураторлар