«Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші өтті

Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңін білмейтін болмаса естімеген қазақ кемде-кем. Әр шығармасы сырлы сезімге толы жыр жүйрігінің өлеңдері мен поэмаларын жатқа оқушылар Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде де жетерлік.

Мұзбалақ талант иесінің әр өлеңінен шабыт алып, қанаттанып жүрген шәкірттеріміз бен ұстаздарымыз «Жырлайды жүрек» атты поэзия кешінде бас қосты. Кешті ұйымдастырушы мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Манабаеваның сөзіне қарағанда, поэзияға, соның ішінде Мұқағали шығармашылығына жаны құмар оқушылар көптеп кездеседі екен. Нәтижесінде солардың қолдауымен осы кештің өтуі қолға алынған.

– Біздің әрқайсымыз, әсіресе аға буын өкілдері Мұқағали өлеңдерімен сусындап өстік. Оның қазақ поэзиясына алып келген жаңаша бағыты – есі кірген баладан еңкейген қарияға дейін елең еткізбей қоймайды. Әр өлеңі арқылы жүректерге жол таба білген сыршыл дарынның өлеңдері өміршең. Осы кешті Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ауқымды «100 кітап» жобасының аясында өткізіп отырмыз, – дейді шараны ұйымдастырушы ұстаз.

Бүгінгі кешке 7, 10, 11 – ші сыныптар белсене қатысты. Олар ақынның «Поэзия сен менімен егіз бе едің?», «Шыда, шыда», «Арулар, асыл жандар», «Ана», «Автограф» сынды өлеңдерінен бөлек, туған жер, Отанға арналған рухты жырларын да жатқа оқыды. Ақынның сөзіне жазылған әндер де шырқалып, көрермендер бір мезет әуен құшағында тербелді. Тіптен 7 сынып оқушысы Шыңғыс Тоқанов өзінің «Мұқағалиға арнау» өлеңін оқып беріп, болашағынан мол үміт күттіретінін көрсетті.

– Поэзияның  адам жанын жақсылыққа, ізгілікке, сұлулыққа тәрбиелейтін қасиеті бар. Мұқағали жырлары – әр адамға күш-қайрат, рух беретін өзгеше бір әлем. Өз басым солай түсінемін. Бүгінгі кештің өтуі  шынымен қуантады, – дейді  кешті жүргізуші шәкіртіміз Ұлан Сейітқалиев.

Бүгінгі кештің тағы бір ерекшелігі – оған ұстаздар тарапынан қолдаудың көптігінде. Жыр ақтеңгерінің кешінде мектебіміздің жатақхана тәрбиешісі Мұхамед Жеңісұлы «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді оқыса, математика пәнінің мұғалімі Нартай Советханұлы «Ұнатамын мен сені», информатика пәнінің мұғалімі Бақытбек  Орынбаев «Аягөз – ару», ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қарлығаш Есімбекова «Сенің көзің» әндерін орындап берді. Осылайша, поэзия кеші оқушыларымызды рухани байытқан кеш ретінде есте қалды.

Баспасөз қызметі