Ұстазымыз «Невада- Семей» қозғалысының мерекелік медалімен марапатталды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мерекелік медалімен марапатталды. Ұстазымыз халықаралық қозғалысқа осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын қосылған. Асхат  ғылыми жұмыстармен айналысады, атап айтқанда, оны өңірдің экологиялық және радиациялық өңі мәселелері ерекше қызықтырады.

Оның 2012 жылы жасалған жұмысы да «Семей қаласының радиациялық өңі» деп аталады. Барлық қажетті ақпараттарды Семей, Курчатов қаласындағы мұрағаттар мен Ұлттық ядролық орталықтан, кітапханалардан іздеген. Асхат Жұмабековтің аталған жобасы Мәскеудегі К.А.Тимирязов атындағы Ресей мемлекеттік ауылшаруашылығы университеті мен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде таныстырылып, жүлделі 2 –ші орынды иеленген.

Бүгінгі таңда ұстаз өңір экологиясын ғылыми-зерттеу жұмыстарына өзінің оқушыларын тартып отыр. Нәтижесінде Әлия Тұманбаева, Диана Кульгускина есімді шәкірттері республикалық «Болашаққа қадам» атты ғылым фестивалі және ЮНЕСКО-ның  ұлттық сайысында лауреат атанды.

– Еліміздің жеке аймақтарының радиациялық картасын жасау жұмыстары үшін оқушыларымыз  «Туған елге тағзым» жобасында аясында «АТОМ» бағдарламасы негізінде зерттеу жүргізді. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облыстары, Талғар қалаларының радиация мөлшерін анықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп,  ақпараттарға талдама жасалды. Осы екі жобаның негізінде 9 сынып оқушысы Меруерт Мұқашева зерттеу  жұмыстарын жалғастырып, радиациялық картаның мобильді қосымша құрастырумен айналысуда, – дейді Асхат Советханұлы.

Асхат Жұмабековтің ауқымды үлкен жұмыстарының нәтижесінде  «Невада – Семей» қозғалысы  қамқорлығының арқасында  «The Kazakhstan Way of a Nuclear-Free World» – «Казахстанский путь без ядерного оружия» атты кітабы жарық көрді. Аталған кітап еліміздегі антиядролық қозғалыстың танымал белсендісі, «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоевпен бірлесе отырып жазылған. Еңбек Германия Ұлттық кітапханасының баспасында басылып шықты.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі