“Мектепке жол” акциясына біздің де қосарымыз бар

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары “Қоғамға қызмет ету” жобасының аясында дәстүрлі “Мектепке жол” республикалық акциясына белсене қатысты. Осылайша, жаңа оқу жылы маусымы қарсаңында ел көлемінде дәстүрлі түрде өткізілетін шарапатты шарадан шет қалмаған шәкірттеріміз бірнеше мектеп оқушыларына қуаныш сыйлады.

– Акцияға алғаш рет қатысып отырғанымыз жоқ. Жыл сайын мектебінде хабарландыру жасалып, шараға оқушылар, ата-аналар, ұстаздарымызды тартамыз. Өмірде баланың қуанғанынан қымбат не бар?! Әсіресе, аз қамтылған немесе асыраушысынан айрылған балалардың көп жағдайда тиісінше мектепке қажеттті құрал-жабдықтармен қамтылмай қалатыны жасырын емес. Міне, осындай сәтте көмек қолын созу біздің борышымыз деп білеміз. Тамыз айында басталған акцияның нәтижесінде 21 балаға берілетін оқу құралдары жиналды. Оның ішінде сөмке, қағаз, қалам, дәптер,карандаш, пенал сынды түрлі оқулықтар бар, – дейді мектебіміздегі «Қоғамға қызмет ету» жобасының үйлестірушісі Динара Нұрғазина.

Мектеп оқушылары мен ата-аналарының күшімен жиналған сыйлықтар білім ошағымызбен тығыз қарым-қатынастағы қаламыздағы № 25, 30, 39 және, тірек мектебі саналатын Приречный ауылындағы, Көкпекті ауданы, Үлгілі малшы ауылындағы Абай атындағы білім беру мекемелерінің шәкірттеріне табысталды.

– Біз Зияткерлік мектеппен байланыс орнатқалы бірер жылдай уақыт өтті. Бірлескен жобаларды бірге жүзеге асырып келеміз. Ұстаздар, оқушылар тарапынан болсын, түрлі қолдауларға иеміз. Жалпы біздің мектепте көпбалалы әрі аз қамтылған отбасылардан шыққан 95 бала оқиды. Соларға өздеріңіздей жанашыр азаматтар қолұшын беріп тұрады. Бүгінгі шараға мектептеріңіздің «Көшбасшылар кеңесі» мүшелерінің келуі біздің де оқушыларға ой салады деп ойлаймыз. Сіздерге мың алғыс, -деді өз сөзінде Приречный орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Үмітхан Жамырзанова.

№39 мектепке барғанымызда оқушыларымыз 3 немересін өз қамқорлығына алған ананың алғысына ие болды. Ұлы мен келінінен бірдей айырылған ана қысылғанға қолұшын бере білетін жас толқынның өсіп келе жатқанына қуанышты екенін айта келіп, акцияға қатысушы ұл-қыздардың барлығына, оларға дұрыс тәрбие беріп отырған ата-аналары мен ұстаздар қауымына жүрекжарды тілегін арнады.

Сауапты істен алғыс арқалап, қанаттанған зияткер жастар келер жылы да акцияның жоғары деңгейде өтуіне атсалыспақ.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.