Спорт күні тартысқа толы өтті

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде салауатты өмір салтын ұстану мен спортқа деген көзқарас ерекше. Оқу жылы бойына түрлі жарыстар ұйымдастырылып, оқушылардың, ұстаздардың арасынан түрлі үздік спортшылар, командалар анықталып тұрады.

Сол дүбірлі додалардың бастауы жыл сайын өтетін “Шынықсаң, шымыр боласың!” атты спорт күнімен тікелей байланысты. Білім ошағымыздағы денешынышынықтыру және эстетика кафедрасының ұйымдастыруымен  “Шаңырақтар” қауымдастығы арасында дәстүрлі түрде өткізілетін бәсеке биылда жалғасын тапты.

– Биылғы спорт күнінің бір ерекшелігі шараға қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе өткізілуінде. Аталған орталық мамандары бүгінгі жарысқа өздері әзірлеген сыйлықтарын алып арнайы келіп қатысуда. Жарысымыздың көздеген мақсаты – үздік командаларды анықтау, шәкірттеріміздің спортқа деген қызығушылығын арттыру. Соның ішінде оқушылар арасындағы бауырмалдық қасиетті тереңдете түсу. Өйткені, «Шаңырақтар» қауымдастығына енген сынып оқушыларының жас ерекшеліктері әртүрлі. Демек, осындай ауқымды шараларда үлкен кішіге ізетпен, кіші үлкенге құрметпен қарап топтық жұмыстарды бірге атқаруға дағдыланады, -дейді жарыстың бас төрешісі Рауан Тәттібекұлы.

Биылғы жарысқа 14 команда қатысты. Талап бойынша әр шаңырақтан 5 ұл, 5 қыз іріктеліп алынды. «Лабиринт», «Доптар», «Қол жалғау», «Туннель» атты кезеңдерден тұрған жарыс қызықты әрі тартысты өтті. Жарыстың барлығында қатысушылардың ептілігі мен шапшаңдығы есепке алынып, әр кезең уақытпен өлшенді.

– Зияткерлік мектеп ұстаздары тарапынан түскен ұсынысқа бірден қолдау білдірдік. Кейінгі буынның спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға деген құлшыныстары бізді қуантады. Болашақта да арамыздағы байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталымыз, – дейді Семей қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру ортылығының өкілі Бауыржан Мұқашев.

Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды “Қарағайлы” шаңырағы жеңіп алды. 2 орынға “Шәкәрім” шаңырағы көтерілсе, 3 орын “Мұзтау” шаңырағына тиді. Жеңімпаздар шара қонақтарының әзірлеген мақтау қағаздары мен кубоктарымен марапатталды. Сонымен қатар, жарысқа қатысушы командалардың  барлығына лайықты сый-құрмет көрсетілді.

 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі