Ақтөбе таңғалдыруда

«Туған елге тағзым» жобасы аясындағы Ақтөбеге жасаған сапарымыз сәтті болып, өз білімімізді тереңдете түстік.  Күн сайын түрлі кәсіпорын, мәдени орындарды аралаған біздер жаңа бір дүниелермен танысып, түрлі мамандық иелерімен таныстық. Олардың жұмысы, әр мамандықтың қыр-сыры жайлы естіп білдік. Мәселен, тәулігіне 45 тонна сүт және сүт өнімдерін өндірумен айналысатын «Айс» зауыты осы өңірдің ғана емес, көршілес облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып отыр. Кәсіпорын  соңғы заманауи үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталған компьютер арқылы басқарылады екен. Қонақтарды жылы қабылдаған кәсіпорын басшылығы өндірістің тыныс-тіршілігімен таныстырып, кең мағлұмат берді. Тіптен өз өнімдерінің бірі – балдай тәтті балмұздақтарынан  ауыз тигізді.

Күннің екінші жартысында осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген «Анаға тағзым» орталығына бардық. Орталық – ақ жаулықты аналарға құрмет ретінде салынғанымен, жастардың ұлттық рухани-адамгершілік қасиеттерінің дамуына септігін тигізетіндігімен ерекшеленеді.  Мәселен, орталықта бойжеткен қыздарға арналған «Қолөнер», «Би», «Бейнелеу өнері», «Қонақ күту», «Ұлттық салт- дәстүрлер», «Ас дайындау»  т.б әр түрлі үйірмелер ашылған. Осыдан –ақ орталықтың қазақ қыздарының бойына инабаттылық пен кішіпейілділікті ұялатуға, олардың жан-жақты дамуына қосар үлесі зор екенін байқауға болады.

Кешкісін Ақтөбе қаласының тумасы  атақты жазушы Т.Ахтанов атындағы театрға барып,  «Махаббат жағалауы» атты психологиялық драманы тамашаладық. Осы қойылым  арқылы махаббат, бақыт, аяушылық сияқты  сезімді  басқа қырынан танығандай болдық.  Қойылым соңында актерлармен кездесіп, естелік суретке түстік.

Аида Маргарян,  
Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев
Зияткерлік мектебінің оқушысы