«English Summer School for Teachers» атты тілдік жаздық мектеп өтті.

Маусым айының 10-14 күндері аралығында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалпы білім беретін білім ошақтарының  профильді  (физика, информатика, химия, биология) пәндерінен ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдер үшін  «English Summer School for Teachers» атты тілдік жаздық мектеп өткізілді.

Шараның мақсаты – аталған оқытушыларға  әдістемелік көмек көрсету және тілдік дағдыларын (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым) дамыту. Тілдік мектепке Семей қаласынан бөлек, Аягөз, Абай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар, Тарбағатай аудандарынан  келген 24 мұғалім қатысты. Курс барысында тыңдаушыларға ағылшын тілінің функционалды қолданылуы, оқылым дағдысын дамыту, айтылым және тыңдалым дағдыларын коммуникативті оқыту әдісімен дамыту жайлы әдістемелік көмек көрсетілді.

– Өз пәнін ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерге арналған жаздық мектепте өзіме қажетті көптеген пайдалы ақпараттар мен ресурстарды алдым. Сабақ барысында қолдануға болатын белсенді оқыту әдістерімен таныстық. Курс тренерлеріне алғысымды білдіремін, – дейді Шүлбі жалпы орта білім беретін мектептің информатика мұғалімі Думан Ибраев.

Ал қаламыздағы № 47 мектептің ұстазы Алмагүл Сағынаева болса өз әсерімен бөлісе отырып, информатика пәнін ағылшын тілінде өткізу сауаттылығы жүргізіліп, курстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Сонымен қатар сабақ барысында қолданылатын тиімді оқыту стратегиялары жайлы көп мағлұматтармен қанығып, сабақтың өту барысында әр бөлімге жекелей талдау жұмыстары жүргізуге үйрететін әдістемелік көмек алғанын тілге тиек етті.

Тілдік жаздық мектеп барысында мұғалімдер  физика, информатика, химия, биология пәндері бойынша CLIL стратегияларымен танысып, әртүрлі практикалық  тапсырмалар жасады. Соңында қатысушыларға  сертификаттар табысталды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі