Жазғы мектеп қайта оралды

Жазғы демалыс мектеп оқушыларының асыға күтетін мезгілі. Олар үшін уақытты тиімді өткізудің бір жолы – жазғы мектепке келіп, білімдерін толықтыру. Сондай-ақ  түрлі ойындар арқылы ойлау жүйесін дамыту. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жылдағы дәстүр бойынша өз шәкірттері мен шаһардағы орта білім мекемелерінің тәрбиеленушілеріне жазғы мектеп ұйымдастырды.
Бүгін осы мерекенің ашылуы болып, 500 –ден аса оқушыға көңілді демалыс сыйлауды бастады. Мектеп ауласында өткен ашылу салтанатында өнерлі шәкірттеріміздің күшімен үндістер тайпасының бір күндік өмірі сахналанды. Осы қойылым арқылы олар жазғы мектепке келуші замандастарын бірден баурап алып, түрлі дене жаттығуларын жасаумен қатар, көңілді би билеуге жетеледі.
– Жазғы мектеп әр оқушыға демалысты қызықты өткізуге көмектеседі. Біз өз тарапымыздан балалардың сұранысын қанағаттандыруға тырыстық. Биыл бізге келуші балалардың саны да аз емес. Мәселен, өз шәкірттеріміздің 280 бала қатысуға ниет білдіріп, біз оларды 15 топқа бөлдік. Ақылы 12 топ ашылып, оған 165 бала қамтылды. Сонымен бірге біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын да назардан тыс қалдырмаймыз. Қаламыздағы орта білім беретін мектептерде білім алатын дәл осындай отбасылардың 90 баласы да өз қатарластарымен бірге тәрбиеленетін болады, -дейді «Жазғы мектеп» үйлестірушісі Нұргүл Нұрбекқызы.
Міне осы оқушылар үшін маусым айының алдағы 10 күні қызықты танымдық үйірмелер мен секциялар жұмыс жасайды. Атап айтқанда, «Music club», сайттар құрастыру, көңілді биотехнология, «Writing club», IELTS, 9 сыныптар үшін физикадан олимпиадалық мектеп,  химиялық колейдоскоп, математикадан 7 сыныптарды олимпиадаға әзірлеу, математикадан 8 сыныптарды олимпиадаға әзірлеу,  Жылдам оқу, 8-9 сыныптар үшін видеошеберхана, Green Energy, 7 сыныптар үшін физикадан олимпиадалық мектеп,  7 сыныптар үшін орыс тілінен олимпиадалық мектеп,  графика и анимация, информатикадан олимпиадалық мектеп, 8 сыныптар үшін физикадан олимпиадалық мектеп, Галилейдің көңілді зертханасы,  Робототехника, Global Affairs Analysis, MUN, GIN сынды сабақтар оқушылардың жыл бойы алған білімдерін толықтыра түсуге ықпал етеді.
Ал шығармашылықты, өнерді, спортты сүйетіндер үшін тігін шеберханасы, қыш шеберханасы, заманауи би, ВИА, домбыра, сурет үйірмелерінен бөлек, әскери – патриоттық тәрбие беретін «Самұрық», баскетбол, волейбол, футбол, үстел теннисі, жаттығу залы тұрақты жұмыс жасайды.
Мектебіміздегі халықаралық ұстаздар болса шығармашылық белсенді тренингтер, қызықты ойындар өткізеді деп жоспарланды.
Бүгін жазғы мектептің алғашқы күні болғандықтан,  өзге оқушылар үшін мектепке саяхат жасалып, таныстыру жүргізілді.