Тәжірибе тарату күн тәртібінен түскен емес

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қарасты білім  мекемелерінің тәжірибесін тарату күн тәртібінде тұрған негізгі жұмыстардың бірі. Қазір осы бағыттағы шаралар ауқымы кеңейіп, орта білім беретін мектептердегі ұстаздардың кәсіби өсуіне жағдайлар жасалып отыр. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің  оқытушылар құрамы кезекті мәрте қалалық әріптестерімен жүздесті.  1 күндік жұмыс барысында «Білім саласындағы басшы кадрлардың кәсіби өсуі», «Педагогтің кәсіби әлеуетін қалыптастыру», «Оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту», «Оқытудағы саралау тәсілі, оқушылардың өзін-өзі реттеуі» тақырыптарында түрлі секцияларға бөлінген ұстаздар көптеген сұрақтарға жауап іздеді. Талқыға түскен сұрақтар арасында мектептің даму жоспарын құру, менторинг, эссе жазу бойынша шеберлік сыныптары, оқыту барысында IT технологияларды пайдалану, Robo Club, DIY Lab техникалық шығармашылық шеберханасы, оқушыларға зерттеуші мектепті ұйымдастыру сынды өзекті мәселелер бар. Бұдан бөлек математика, физика, биология, информатика, дүниежүзі тарихы, география, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, денешынықтыру, өнер пәндері бойынша ұстаздарымыз өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Айнұр Жақсыбаева, № 39 мектептің тарих пәнінің ұстазы:
Дәл бүгінгідей тәжірибе алмасу шарасына өткен оқу жылы бойы қатысып келемін. Келіп қатысудағы басты мақсатым – өзімнің іс-тәжірибемде қолдануға қажетті мәліметтерді алу. Бұған дейінгі қатысқан семинарларымның барлығында тиімді ақпараттарға қаныққанмын. Өйткені, Зияткерлік мектеп ұстаздарынан үйренген критериалды бағалау, сабақты жоспарлау сынды әдіс-тәсілдерді қазірдің өзінде сабақ барысында пайдаланып жүрмін. Сонымен қатар қалыптасқан дәстүрлі сабақтардан қарағанда сабақ жоспарының өзін оқу мақсатынан шығу керек екенін дәл осы жерде үйрендім. Бұл бізге айтарлықтай жеңілдік әкеледі. Сол үшін Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі әріптестерімізге алғыс айтқым келеді.