Қош бол, алтын ұям, мектебім!

25 мамыр күні Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қош бол, алтын ұям, мектебім!» атты соңғы қоңырау мерекесі өтті. Салтанатты шараға мектеп ұжымы, Қамқоршылар кеңесінің мүшелері қазақ елінің мақтанышы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан Барысы», «Еуразия барысы», «Әлем Барысы» турнирлерінің жеңімпазы, даңқты балуан Айбек Нұғымаров, тарих ғылымдарының кандидаты, жас ғалым Арафат Мамырбеков, оқушылар, ата – аналар қатысты.
Биыл білім ошағымыздан 109 түлек үлкен өмірге қанат қағып ұшқалы отыр. Солардың арасында 10 шәкіртіміз «Алтын белгіге»,  9 –ы «Үздік аттестатқа» үміткер.
– Бұл біздің ұстаздар қауымының жылдар бойғы еңбегінің жемісі. Әр оқушы жүрегіне жол тауып, дұрыс бағытқа қарай жөн сілтей білу біздің басты міндетіміз. Ендігі үмітіміз – осы түлектеріміз біздің сенімімізді ақтап, жоғары биіктерден көріне берсе еңбегіміздің жанғаны. Тағы бір мақтанарымыз биылғы түлектеріміздің арасынан 15 оқушымызға АҚШ, Испания, Австралия, Польша, Гонконг сынды мемлекеттердің маңдайалды оқу орындарынан шақырту келді. Түлектеріміздің тағы бір тобы  Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Халықаралық Бизнес университеті, Назарбаев университетінің шақыртуына ие болды. Бұндай шақыртулар әлі де жалғасуда,-дейді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.
«Жастар жылы» – ның аясында өткізілген соңғы қоңырау салтанатының биылғы өзгешелігі – 7 сыныптардан құралған домбырашылар оркестрімен ерекшеленді. Жылға жуық уақыттың ішінде домбыраны еркін меңгерген 100 оқушы Абайдың «Тор жорға» күйін нақышына келтіре орындап, жиналғандар ықыласына бөленді.
– «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қарасты білім мекемелерінің барлығына тән «100 күй» жобасының жемісті екендігіне көз жетіп отыр. Оқушылар осы жобаның шеңберінде көне күйлермен қатар, халық компазиторларының күйлерін де еркін меңгеріп алды. Абай атамыздың көпшілікке беймәлім «Тор жорға» күйін таңдап алуымыздың өзіндік себебі бар. Біз осы күйді оқушыларға орындату арқылы Елбасымыз – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген басымдықтарға үн қосқымыз келді, -дейді мектептің көркемдік жетекшісі Руслан Қасенов.
Шара барысында оқуда, еңбекте озат оқушылар марапатталып, құрмет көрсетілді. Түлектер өздерінің жүрекжарды тілектерін әнмен, жыр шумақтарымен жеткізді.
– Отбасымыз үшін ерекше күндердің бірі. Тұла бойы тұңғышымыз мектеп бітіріп, сене алар емеспін. Күні кеше ғана тұлымы желбіреп жүгіріп жүрген қызығым еді, енді міне бойжетіп отыр. Қызыма ақжол, сәт-сапар тілеймін. Ал ұстаздар қауымына, мектеп ұжымына әкелік басымды иемін. Олардың еңбегі өлшеусіз. Талантты шәкірттері көбейе берсін, – деген тілек айтқым келеді дейді Ержан Жақып есімді ата-ана.
Мектеп бітіруші түлектердің бірі – Айдын Ережепбаев. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, алдыңғы қатардан көрініп жүретін жас түлек алтын ұясымен қоштасар сәттің келіп жеткеніне сене алар емес.
– Мен бақыттымын. Білікті ұстаздар, білімді, талантты балалар жиналған үздік білім ошағында оқығаным үшін бақыттымын.  Достарыма өмірде жолдары болып, ата-ана, ұстаздарымыздың үмітін ақтайық. Еліміздің мақтаулы азаматы бола білейік деген тілек айтқым келеді. Өкініштісі – мектебімізге, ұстаздарымызбен қайта қауыша алмаймыз. Дегенмен оларға деген сағыныш кеудемізде мәңгі қала береді, -дейді жас түлек.
Соңғы қоңырау салтанаты ата-аналар форумымен жалғасты. Форумның мақсаты – алдағы оқу маусымында ата-аналармен бірлесе атқарылатын жұмыстарды ақылдаса отырып, жоспар құру. Ата-аналар алдында сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов құндылықтар жайында сөз қозғады. Өткен оқу жылына қорытынды жасалған форумда ата-аналардың ұсыныс, тілектері де назарға алынды. Енді соларды ескере отырып, мектептің жұмыс жоспарына  енгізілетін болды. Форум соңында  мектеп өмірінен қалыс қалмай, атсалысып жүретін белсенді ата-аналар мектеп әкімшілігі тарапынан Алғыс хаттарға ие болды.