Тәрбие меңгерушілері бас қосты

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ  іс-тәжірибесін тарату аясында тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша  Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен семинар-практикумда облыс мектептері директорларының  тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары бас қосты. Мектептегі ең маңызды саланың бірі – тәрбие. Өйткені, көне заманда өмір сүрген Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы», –деген сөзі әлі күнге дейін өз маңызын жоя қойған жоқ. Демек, жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтап, адами қасиеттерді дамытып оны өскелең ұрпақ санасына сіңіре білуде мектептегі тәрбие жұмысының үлесі зор.
Мектептегі тәрбие жұмысына тікелей жауапты тұлғалардың кезекті кездесуінде келелі мәселелер талқыланып, 2018-2019 оқу жылының қорытындысы шығарылды. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өңірдегі білім ошақтарының бой түзер темірқазығы! Себеп – өңір ұстаздарын жаңартылған білім мазмұнына сай заманауи бағдарламалармен оқытып,іс-тәжірибе алмасудан бөлек, оқушылардың бүгінгі заман келбетіне лайықты тұлға болып қалыптасуына да көп ықпал етіп келеді. Бұл бағытта Зияткерлік мектептің тәрбие жұмысы тындырымды істерді атқарды. Мәселен, қаламыздағы бірнеше білім мекемесі біздермен қоян-қолтық әріптестік орнатып, серіктес мектеп ретінде жұмыс атқарып келеді. Солардың бірқатары бүгін алмасқан тәжірибелерінің арқасында жеткен жетістіктері жайында баяндап берді.
– Біздің Зияткерлік мектептің тәрбие бағытындағы атқарып отырған шаруаларын басшылыққа ала отырып жұмыс жасап келе жатқанымызға көп бола қойған жоқ. Солай бола тұрса да, көп жаңа дүниелерді үйрендік. Әр сенбі сайын ұстаздарымыз келіп, осы мектептегі әріптестерімізден дәріс алдық. Оқушыларымыз да бірнеше мәрте келіп, бірлескен іс-шараларға қатысты. Нәтижесінде «100 ән», «100 күй», «100 кітап», «Көшбасшылық» жобаларын өз мектебімізде қолданысқа енгізіп, шәкірттеріміздің жаңа қырынан танылуына көз жеткіздік.  Осы жобалардың арқасында оқушыларымыздың кітап оқуға деген қызығушылығы артып, қазақтың ән өнерін, күйін түсіне білуге, тарихын зерделеп, өздері де орындай алу қасиеттері ұштасты. Қазір «100 кітап» жобасына мектебіміздің барлық оқушысы тартылып, 200 –ден астам оқушыдан құралған домбырашылар оркестрін шығаруға қол жеткізіп отырмыз. «Дарынды жастар» атты көшбасшылар кеңесі құрылып, оның әрбір мүшесі жеке қасиеттерін дамытумен қатар, әлеуметтік жобаларда біздің көмекшілерімізге айналды. Бұл біздің қысқа мерзім ішіндегі жеңісіміз. Болашақта да бірлесе жұмыс атқара беруге мүдделіміз, -дейді №31 жалпы білім беретін орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлан Бақытжанұлы.
Дәл осындай жағымды жақсы пікірді №22, 37, 39 мектептердің өкілдері де білдірді. Олардың бірі «Қоғамға қызмет ету» жобасы шеңберіндегі қайырымдылық шараларының тиімділігін көрсе, енді бірі «Туған елге тағзым» акциясының берері мол екендігіне тоқталды.
– Тәрбие –адам өміріндегі ең өзекті сала. Ал адамды тәрбиелеу жауапкершілігі мол міндет. Мектептегі жүгі ауыр жұмысты атқаратындығымыз сондықтан. Соған қарамастан бізге еш аялдауға болмайды. Қоғамдағы күнделікті құбылыс – біздің балаларымызды тез баурап алып кетеді. Ал біз өз тарапымыздан оқушыларымыздың ұлтжанды, патриот, елін,жерін сүйетін, өзгелерге құрметпен қарайтын саналы адам болып өсуіне ықпал етуіміз керек. Ол үшін әрине баланың тұлғалық қабілетін ашатын түрлі жобаларды басшылыққа алудың еш зияны жоқ. Біз сіздерге әрқашан қолұшын беруге әзірміз, – деді өз сөзінде мектебіміздің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.
1 күндік семинар-практикум барысында қонақтар үйірмелер бағыты бойынша шеберлік сыныптарына қатысып, кураторлық қызметті ұйымдастырудың жай-жапсарымен танысты. Сонымен қатар өзін-өзі басқару, көшбасшылар форумы жайлы ақпараттарға қанықты. Бүгінгі басқосуда ата-аналармен жұмыс барысы да назардан тыс қалмады. Тіптен кітапханашылар тарапынан өткізілген ақпараттық сауаттылық, сауатты оқу, критикалық ойлау тақырыптарындағы ой бөлісу көптің қызығушылығы тудырды. Кездесу соңы қатысушылардың кері байланыс жасауымен әрі алдағы оқу жылына бірлескен жұмыс жоспарларын құрумен қорытындыланды.