Бейбіт күннің батырлары

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында 7-Мамыр Отан Қорғаушылар күніне орай тағылымды іс-шара өтті. Шарамыздың мақсаты оқушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, бейбіт күннің батырларымен сұхбаттасу арқылы оларды адамгершілікке, бауырмалдыққа, патриотизмге тәрбиелеу. Сонымен қатар азаматтық көзқарас, рух қалыптастыруға ықпал ету.
Жерлесіміз Ержан Амеркановтың Семей-Новосібір тасжолында көрсеткен ерлігі жайлы видеомен ашылған шара, 8 «В» сыныбының оқушысы Айдана Испаеваның «Қазақстандықтардың бейбіт күндегі ерліктері» тақырыбындағы 115 жолаушы мен 5 экипаж мүшесін құтқарған ұшқыш Дмитрий Родин,  жауынгерді  өз денесімен жауып аман алып қалған механик Қайрат Үмбетов, 15 адамды өрттен құтқарған әскери қызметкер Қуандық Қанатов, өртке оранған Газель көлігін үйден алшаққа апарған қарапайым тұрғын Орынбек Тұнғышбаев, өрттен екі баланы құтқарған аула сыпырушы Николай Имбергенов, студенттер Қасымхан Досымханов және Думан Сұлтанов, суға кеткен адамды құтқарған   төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері  Дәурен Абулхасеновтер жайлы әзірлеген  зерттеу жұмыстарымен жалғасты. Ал, осы сыныптың тағы бір оқушысы Амина Утегенованың «Мемлекеттік наградалар» атты зерттеуі тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Бүгінгі шараға қаламыздағы құрылыс колледжінің 3 курс студенті, бейбіт күннің батыры Әкежан Тимонов қатысып, өзінің өзінің басынан өткен оқиғасымен бөлісті. Әкежен 2018 жылдың қаңтар айында жатақханада болған өрттен 2 бірдей баланы аман алып шыққан екен. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауа бере отырып,  «Мен ерлік көрсеттім деп ойламаймын, жатақханада өрт орын алысымен бар ойым адамдарды құтқару болды, тіпті өзім жарақат аламын деген ой келмеді де»,- дейді батыр жігіт.
Шараның екінші бөлімі «ЖасҰлан» ерлер әскери-мектеп-интернаты,  «Білім-Инновация» лицейі және Назарбаев Зияткелік мектебі жатақханасының оқушылары мен тәрбиешілерінен құралған командалардың жолдастық кездесуіне ұласты. Сайыс «Қазақтың қолбасшы-хандары», «Диверсант», «Шпионның есте сақтау қабілеті», «Жергілікті жердің әскериленген жоспарын құру», түйме тігу өнері, миналанған аймақтан өту, «Погонда шеруі» сияқты әскери тапсырмалардан тұрды. Бұл болашақ Отан қорғаушыларға қажетті қабілеттер мен машықтар туралы ой тастайтын кезең болды. Алдын-ала берілген ақпараттармен танысу арқылы қатысушылар білімдерін кеңейтті деп есептеуге болады. «Жас Ұлан» ерлер әскери-мектеп-интернаты мен «Білім-Инновация» лицейі оқушыларының сазды номерлары іс-шараны ажарландыра түссе, жатақханамыздың қыздары әзірлеген тақырыпқа сай мерекелік құттықтауы көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қыздардың өз бетімен жұмыс жасау, ұйымдастырушылық қабілеттерін арттыруға септігін тигізді. Жатақхана ұжымының, тәрбиешілердің өзара көмегі, ауызбіршілігі іс-шараның сәтті өтуіне үлкен әсер етті. Шара соңында «Ең зерек команда», «Ең жылдам команда», «Ең шебер команда» аталымдарына ие болған топтар мен жекелей көзге түскендерге сертификаттар табысталды.
Ұйымдастырушы ретінде мен бұл шарадан кейін төмендегідей ой түйдім. Біріншіден, небәрі 19 жасында көзсіз ерлікке барған Әкежанмен кездесу, әңгімелесу, өскелең ұрпаққа зор ықпал етті деп ойлаймын. Екіншіден, іс-шараға «Жас Ұлан» ерлер әскери-мектеп-интернаты мен «Білім-Инновация» лицейінен оқушылар командасы мен тәрбиешілерді тарту іс-шараның мәнін терең ашуға, өзара жолдастық сезімнің қалыптасуына ықпал етті. Бұл бәсекелестікті емес, достық сезімді қалыптастыруға жасалған әрекет болды.
Ендеше, отансүйгіш жастарымыз бен елім деп ерлікке дайын азаматтарымыз көп болғай!

Гүлжан Дулатова,
 Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебі
 жатақханасының тәрбиешісі