Жадымызда аталардың ерлігі

Биыл Ұлы Жеңістің  74 жылдығы. Жарты әлемді жаулаған соғыс өртін сөндіруге майданға аттанған ер-азаматтың қайтпағандары да аз емес. Қайтқандарының өзі қатары сиреп барады. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді», – демекші соғыстың аяқталғанына да ұзақ уақыт өтсе де, ондағы жасалған ерліктер әлі күнге дейін аңыз болып айтылып, батырлар әспеттеліп келеді.  Бұл өскелең ұрпақ үшін баға жетпес құнды тарих.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары әр жыл сайын мамыр айы басталысымен жастарға рух беретін, тәрбиелік мәні зор шараларды дәстүрлі түрде өткізеді. Қалыптасқан үрдіске байланысты алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі, запастағы майор Қуаныш Мұхамадиев пен кураторлардың  басшылығымен қала орталығындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойған шәкірттеріміз көзсіз батырлық пен ерліктің  сан үлгісін көрсеткен бабалар рухына тағзым етті.
– Ұлы Отан соғысы тарихтан өзінің бағасын алған нағыз трагедиялық оқиғаның бірі. Миллиондаған адамның өмірін қиып, ананы ұлынан, ұлды әкесінен айырған соғыстың зардаптары аз болған жоқ. Бірақ отанға, жерге, елге деген сүйіспеншілік жеңіске жетіп, басқыншы жауды қайта бас көтере алмайтындай етіп талқандау біздің ата-әжелеріміздің, тылдағы шаруа мен еңбекке ерте араласқан балалардың ғана қолынан келді. Біз осы үшін аға буынға қарыздармыз. Бүгінгі шара құрметіміздің бір бөлшегі ғана, – дейді  оқушымыз Жанель Абылқасымова.
Оқушылар мен ұстаздар тобы одан ары қаламыздағы бірнеше ардагердің үйіне барып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Хал сұрасты, мерекемен құттықтады.
Бізді қуана қарсы алғандардың бірі – 93 жасар Кәмкетай Байыров. Майданға 17 жасында аттанған атамыз жау қоршауында қалған Ленинград қаласын азат етуге қатысқан. Балтық теңізіндегі әскери қақтығыстарға қатысқан қазақ баласы «Қаһарман қаланың қасіретін» әлі күнге дейін ұмытпағанын айтады. Кеңес әскері құрамында 10 жылдай қызмет етіп, елге 1953 жылы бірақ қайтқан атамыз «ІІ дәрежелі Ұлы Отан Соғысы», «Адмирал Кузнецов», «Еңбек ардагері» ордендерімен қатар  «Украинаны қорғағаны үшін», «ҰОС Жеңісі үшін» медальдарымен марапатталған. Бүгінде бір әулеттің ұйытқысы болып отырған ақсақал өмірлік қосағы екеуі 9 баланы тәрбиелеп өсірген. Майдан даласынан естеліктерімен бөліскен қария енді соғыстың болмауын тіледі.
Оқушылар дәл осы күні Николай Бутько, Василий Белич, Құмар Елубаев сынды ардагерлердің шаңырағында болып, оларға бүгінгі келешек үшін үлкен алғыстарын айтты. Осы ардагерлердің ішінде Василий Федорович өз өтінішін білдірді. Соған байланысты біздің шәкірттер алдағы уақытта қарияның үйінің іші-сыртын, ауласын ретке келтіріп беруге уәделесті.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі