«Кітап әлемді бағындырады» акциясы өтті

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін «Кітап әлемді бағындырады» атты дәстүрлі акция биыл да мектебімізде жалғасын тапты. Халықаралық кітап күні аясында өткізілген шараның басты мақсаты – оқушылар мен ұстаздар қауымының кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру. Мектеп ауласында ұйымдастырылған рухани-мәдени шараға 600-ден астам адам қатысты.
– Акция өткізілген сайын оқушылар мен ұстаздар тарапынан үлкен қолдау тауып келеді. Биыл біз мектеп ұжымы мен шәкірттеріміздің арасында алдын-ала сауалнама жүргізіп, кімнің қандай кітапқа қызығушылығы басым екендігін анықтап алдық. Сол арқылы кітаптар тізімі жасалып, әр адамға өзі қалаған кітабына қол жеткізудің жолын қарастырдық. Яғни, акцияға қатысушылар бір-бірлеріне кітап сыйлады. Қарап отырсаңыз, сыйлық жасау арқылы ұжым, оқушылар арасындағы байланысты нығайта түстік. Бұлда бір басты ерекшелік, -дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханашылары.
Акция қызықты өтуі үшін кітапқа қатысты түрлі ойындар ойналды. Оқушылар мен ұстаздарға викториналық сұрақтар қойылды. Кітапханашылар бұл жолы оқу маусымы басынан бері белсенді, білімді, үздік оқырмандарды анықтап, оларды осы аталымдар бойынша марапаттады. Солардың барлығы өткен жылдың қыркүйек айынан бері 30 – 40 кітаптан алып оқыған. Бұл жолы акцияға қатысушылар қысқаша энциклопедия, поэзия, детектив, комедия, фантастика, психология, классика, тарихи, биография, әдеби-көркем жанрларындағы кітаптарға ерекше қызығушылық танытқан.