Әлеуметтік жоба аясындағы жолдастық кездесу

Әлеуметтік жобалардың мектеп оқушылары үшін берер тәлімдік-тәрбиелік мәні зор. Жауапкершілікті сезіне білу, адамға құрмет, адалдық пен достыққа берік болу, бағалай білу сынды адами құндылықтарды санаға берік сіңіруде дәл осы жобалардың пайдасы орасан. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбие жұмысы осы бағытта құрылып, оқушылардың жан-жақты, толық азамат болып тәрбиеленуіне күш салады.
Мәселен, ағымдағы оқу жылының басынан жатақхана ұжымы қаламыздағы “Шығыс Қазақстан облыстық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары мен тәрбиешілері» КММ –мен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыс жасап келеді.
– Жатақханамен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасындағы байланыстың орнауы біздің жатақхана ішіндегі «Көшбасшылар кеңесі» мүшелерінің бастамасы себепкер болды. Оқушылар ұсынысын тәрбиешілеріміз бірден қолдап,   тағдырлары ауыр замандастарымызға психологиялық – моральдық көмек беруді бастап кеттік. Күні бүгінге дейін аталған мектеп-интернаты тәрбиеленушілері үшін 5 үлкен іс-шара өткізілді. Интернат ата-ана қамқорлығынан тыс қалған 85 замандасымызға пана, ортақ үй болып отыр. Бізді бүгінгі қоғамда әлі күнге дейін балалар үйінің бар екендігі қынжылтады. Әр бала ата-анасымен болуы керек деп ойлаймыз.  Жандары құлазып, басылмайтын сағыныштың жетегінде жүретін осы достарымыздың  көңілін бір сәтке болсын аударуға тырысатын біздер бұл жолы да кездесу ұйымдастырдық, – дейді 10 сынып оқушысы Жанұзақ Алпысбаев.
«Мейірім сыйла» әлеуметтік жобасы аясында өткен кезекті кездесу спорттық бәсеке арқылы өрбіді. Зияткерлік мектептің спортзалында өткен шағын футбол мен тоғызқұмалақ ойындары шын мықтыны анықтап қана қойған жоқ. Сонымен бірге жас жеткіншектердің арасындағы достықты одан әрі тереңдете түсті. Алдымен жолдастық кездесудің салтанатты ашылуы өтіп, жарыс барысы түсіндірілді. Қазір аяқдоп әлемде дамыған спорттың бірі. Ерінбеген әрбір ер бала еркін ойнай алады. Ал бүгінгі жарыста солардың бірнешеуі өз өнерлерін көрсетіп, тіптен шапшаңдық, дәлдік, ұтқырлық қасиеттерімен жекелей танылып жатқандары да аз болмады. Тартысқа толы матч қонақтар пайдасына шешіліп, 14:13 есебімен аяқталды. Тоғызқұмалақ жарысына қос командадан 4 қатысушыдан шығып, өзара бақ сынасты. Футзалдан есе жіберген зияткер оқушылар бұл жолы жеңіске жетті. Осылайша, негізгі есеп тең аяқталып, достықтың бәрінен биік тұратындығы тағы бір мәрте дәлелденді. Шара барысында жатақхана тәрбиеленушілерінің қатарынан Дильназ Қапезова  патриоттық сарында ән шырқаса, «Аружандар» тобы әсем биімен ерекшеленді.
Бұдан бөлек, қонақтар мектеп ішіне шағын саяхат жасап, өз әсерлерімен бөлісті. Жолдастық кездесу соңында жеңімпаздар марапатталып, естелік фотосуретке түсті. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары, Кубок, сыйлықтар табысталды. Болашақта бұндай кездесулер жалғаса бермек.

Гүлнара Бектұрова,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиешісі