Қос оқушымыз қуантты

Жуырда Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп қабырғасында жаратылыстану-математика бағытындағы жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиада өтті. Білім бәйгесіне еліміздің барлық өңірлерінен 19 команда, 800-ден астам оқушы қатысты. 5 күнге жалғасқан олимпиадаға Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары Арғын Ерғалиев пен Рүстем Шердебаев қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. ҚР Білім және Ғылым министрлігі мен республикалық «Дарын» орталығы бірлесе ұйымдастырған шарада Арғын физика пәні бойынша жүлделі 3 –ші орынға ие болып, қола медальды қанжығасына байлады. Ал Рүстем химия пәні бойынша бақ сынап, 2 – ші орынға табан тіреп, күміс медаль еншіледі. Дарынды оқушылар бұдан бөлек бағалы сыйлықтармен де марапатталды.
– Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Дайындығымыз да жаман болған жоқ. Бағымыз жанып, жүлдегерлер қатарынан көріндік.   ның қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2019» деп танылды. Биылғы олимпиадаға түрлі халықаралық, республикалық білім додаларының жеңімпаздары да қатысып отыр. Соған қарамастан, солармен бір қатарда өнер көрсетуіміздің өзі үлкен жеңіс деп білеміз, -дейді қос оқушы.
Бір қызығы, аталған шара биыл өзінің мерейтойлық 20 –шы олимпиадасын өткізуде. Жалпы бұл білім бәйгесі осы Ақтөбеден бастау алған екен. Биылғы олимпиаданың тағы бір ерекшелігі –  ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық айналым онлайн тәртіпте трансляцияланды. Сол себептен қалаған  әрбір адам жарысқа виртуалды түрде қатысып, оқушылардың жауаптарын тексеру кезінде қазылар алқасы жұмысының әділдігіне көз жеткізе алды.
Оқушыларымыз Рүстем мен Арғынның жүлдегер атануы  Зияткерлік мектептері командасының үздік болып танылуына септігін тигізді. Ал, жалпы  Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары 13 алтын, 18 күміс және 13 қола медаль жеңіп алған.

Альсана Смаилова,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы