Қос домбырашымыздың жеңісі

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде домбыраның құлағында ойнайтын талантты оқушылар аз емес. Солардың қатарында 8 сынып оқушылары Адлен Ролланұлы мен Балжан Аликенованың шоқтығы биік. Жуырда осы қос талантымыз  «Жарқын болашақ» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының ұйымдастыруымен өткен «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында топ жарды. Байқаудың домбыра жанры бойынша бақтарын сынаған олар бірі бас жүлде, бірі 1 орынды жеңіп алып, мектеп абыройын асыра түсті.
Балалар бойындағы шығармашылық талпынысты арттырып, олардың дамуына қолдау көрсету, сондай-ақ ұлттық өнерімізді дәріптеуге бағытталған байқау 7 жанр бойынша ұйымдастырылыпты. Соның ішінде бір ғана домбыра жанрына 40-қа жуық баланың қатысуы өнер додасының оңай болмағанын көрсетеді.
– Байқау шынымен жоғары деңгейде өтті. Тіптен арнайы музыкалық кәсіби дәріс беретін мектептердің шәкірттері де қатысты. Адлен мен Балжан менен оқу жылы басынан дәріс алып келеді. Өнерлі шәкірттер көп, бірақ алғашқы кезден-ақ осы екі оқушы үлкен сенім артқан едім. Өйткені, екеуінің де қабылдауы тез, қағілез. Осы байқауға тыңғылықты дайындалдық деп айта алмаймын. Уақыт аз болғанына қарамастан, өздерінің еңбекқорлықтарының  арқасында топ жарды., – дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі Мадияр Еркінұлы.
Байқаудың бас жүлдесін алған Адленнің де, 1 орын иегері Балжанның да отбасында өнерге жақын адамдар жоқ көрінеді. Бірақ, талант қайда болса да тас жарады емес пе? Бір қызығы, екеуі де соңғы жарты жылдың ішінде Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», Ж.Еңсеповтің «Әке толғауы», «Хафиз», Т.Мұхамеджановтың «Детство», А.Райымбергеновтің «Секіртпе», «Кенес», «Қос алқа», «Келіншек» сынды халық күйлерін еркін меңгерген. Осының барлығы Зияткерлік мектептердегі “100 күй” жобасының табысты жүзеге асырылып жатуының дәлелі.
Байқауда Балжан Құрманғазының «Адайын», Адлен Дәулеткерейдің «Түркімен күйін» орындап, қазылар алқасының жоғары бағасы мен залдағы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіпті. Ендігі – меже ағымдағы жылдың мамыр айында Алматы қаласында өтетін ақтық сында өнер көрсету.
Мектептегі достары мен ұстаздарының мақтанышына айналған қос домбырашымызға тек қана сәттілік тілейміз.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.