Ауған ардагерлеріне құрмет

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әскерилендірілген эстафетадан жарыс өтті. Мектебіміздің 11 сынып оқушылары қатысқан бәсекеге қонақ ретінде Семей қаласындағы Ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Совет Айтбаев, ардагерлер Мұхамеджан Әкімов, Александр Цветков, Шығыс өңірлік әскери прокурорының орынбасары, подполковник Талғат Бермағанбетов, мектебіміз бекітілген 44793 әскери бөлімінің командирі подполковник Кайрат Мырзағалиев, алғашқы әскери даярлық орталығының басшысы Бекен Үкібасов, 31767 әскери бөлімнің әскери қызметшілерінің жанұяларымен жұмыс жөніндегі офицері Жазира Сүлейменова, сондай-ақ әскери қызметшілердің балалары шақырылды.
– Ауған соғысы жайлы түрлі басылым беттері мен әлеуметтік желілерге жарияланған ақпараттар арқылы таныспыз. Өрімдей жас жігіттердің Отан алдындағы интернационалдық борышын жат жерде өтеп, ерліктің сан түрлі үлгісін көрсеткені әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Тіптен сол аға-әкелеріміздің арасында өздері сұранып барғандары да көп кездеседі. Бүгін біз сол ерлікке тағзым ете отырып, бейбіт заманның өзінде әскери дайындығымыздың қай деңгейде екендігін соғысты көзімен көргендерге тексертпекпіз. Менің ойымша, Отанды сүюдің бір көрінісі – темірдей тәртіпке бағынған әскери өмірді бастан кешкенде анық сезілетін сияқты, – дейді 11-ші сынып оқушысы Әлімжан Нұртазин.
Әскерилендірілген эстафета 4 кезеңді қамтып, командалар туннельден өту, Калашников автоматын жартылай шашып-жинау, автомат оқжатарын оқпен толтырып-ажырату, танк макетін доппен көздеу сынды кедергілерден өтті. Жарысқа қыз балалардың да қатысып, белсенділік танытқандары келген қонақтарды ерекше қуантты. Тартысқа толы жарыс жоғары деңгейде өтіп, 11-ші «Б» сыныбының командасы жеңіске жетті.
Жарыс аясында мектептің «Самұрық» әскери-патриоттық клуб мүшелерінің өнері көрсетіліп, қарумен және қоян-қолтық ұрыс түрлерінен дефиле көрсетілді.
Ардагерлер жас жеткіншектер өнерін жоғары бағалап, олардың болашақтарының жарқын болуына тілек білдірді.

Қуаныш Мұхамадиев,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы