АҚШ-та білім алған Айғаным

Білімде шекара болмайды. Тіптен әлемдегі ең бай адамдар көшін бастап тұрған атақты Билл Гейтстің өзі «Білім –ең маңызды аспап» – деп, бәрінен биік білімді қояды. Өйткені, ол соншалықты атақ-даңқ, абырой мансапқа сол білімнің арқасында жеткенін, оны ешбір құнды заттың болмаса қыруар ақшаның алмастыра алмайтынын жақсы түсінеді.
Қазір білімнің соңына түсіп, ғылым қуамын дегендерге жол ашық. Кедергі жоқ, керісінше қолдау басым. Бұрындары отандық жоғары оқу орындары мен шетелдік оқу орындарының арасында студенттердің алмасуы жайлы жиі еститінбіз. Қазір бұл үрдіс мектептерде де жүзеге асып жатыр. Мәселен, американдық «FLEX» бағдарламасы қазақстандық оқушылардың АҚШ –та білім алуына мол мүмкіндік жасауда. АҚШ үкіметінің Мемлекеттік департаменті қаржыландыратын бағдарламаның толық атауы  «The Future Leaders Exchange Program» яғни, “Болашақ көшбасшылармен алмасу бағдарламасы” деп аталады. Бағдарлама ТМД мемлекеттерінің оқушыларына арналған. Басты мақсаты – мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайту.
Міне, осы бағдарлама бойынша Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Айғаным Хамитханова  өткен оқу жылында Колорадо штатындағы «Douglas County High School» -де білім алып келді. Шәкіртіміздің айтуы бойынша, оған бұл бағдарламаға қатысу үшін 3 кезеңнен тұратын күрделі әрі қиын сынақтарды тапсыруға тура келген. Сынақтан сүрінбей өткен Айғаным Қазақстаннан АҚШ-қа аттанған 118 оқушының бірі болып, 1 жыл бойы американдық жанұямен бір шаңырақ астында өмір сүрді.
– Мен Джош – Ребекка Харчарик есімді отбасылы американдықтардың үйінде тұрдым. Бірі аудитор, бірі мұғалім болып жұмыс жасайтын олардың Бриана, Даниэль есімді балалары бар. Жаман қарсы алған жоқ, бұрыннан таныс адамдардай жылдам тіл табысып кеттік. Сол жанұяның бір мүшесіндей қарады. Американдық отбасында тұруымның себебі – бағдарламаның шарты солай. Өйткені, бағдарлама арқылы оқуға келетін әр оқушы американдықтарды жақын тануы, ағылшын тілін оңай меңгеріп кетуі сонымен бірге олардың күнделікті өміріне қанығуы үшін бір шаңырақта тұруы керек екен. Бұл маған тілді жетік меңгеруім мен мұхиттың арғы жағындағы елдің тұрмыс-тіршілігін жіті зерттеуіме көп көмектесті, -дейді оқушымыз.
Айғаным бұдан бөлек білім беру жүйесінде айырмашылықтың көп екенін байқаған. Оның айтуынша, американдық оқушылар өз үлгерімдеріне қарай пәндерді таңдап алатын көрінеді. Сонымен қатар, спортқа, түрлі үйірмелерге көп көңіл бөлінеді екен. Семейлік шәкірт өз талғамына орай француз тілі, иога, ағылшын тілі және заманауи әдебиет, математика, психология, бизнеске кіріспе сияқты пәндерді таңдаумен қатар, драма үйірмесіне көңілі ауған. Аталған пәндерді 2 семестр бойы кезектесе оқып, дәріс алған.
– Мен Америкада өткізген бір жыл ішінде тек қана білім ғана алып қоймай, американдық қатарластарыма Қазақстан жайлы, еліміз туралы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихымыз жайлы көптеген деректерді  айтып бердім. Біздің тарих, тұрмыс –тіршілігіміз оларды қатты қызықтырады. Тіптен ақпан айында Вашингтон қаласына барып, АҚШ-тың Орта Азиядағы саясаты кеңсесінің өкілі Дженнифер Миллермен кездесу және мамыр айында Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб пәтеріне баруым ерекше оқиғалардың бірі дер едім. Волонтерлік қабілетімді шыңдап, американдықтардың адамға деген ілтипаттары жақсы екеніне көзім жетті, – дейді Айғаным өз сөзінде.
Биыл мектебімізде соңғы жылын жалғастырып жатқан білімді шәкірттің ендігі арманы – халықаралық қатынастар мамандығын меңгеру. Ондағы көздеген мақсаты – жер бетін мекен етуші түрлі ұлттардың қырғи –қабақ болмай, тату-тәтті, тыныштықта өмір сүруіне атсалысу.

 

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы