«Сәтті қадам» жаңа мұғалімдерге жол ашады

Баланың сапалы білім алуы білікті ұстазға тікелей байланысты. Сол үшін де қазір мектеп мұғалімдеріне қойылатын талап өте жоғары. Отандық білім саласының темірқазығына айналған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздарына бұл тарапта жауапкершілік ерекше артылады. Осыны ескерген   Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу жылының басында жұмысқа жаңадан қабылданған,  Зияткерлік мектептерде жұмыс істеу тәжірибесі жоқ мамандар арасында «Сәтті қадам» атты сайысы ұйымдастырылды. Көзделген мақсат – жаңа мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай,, «NIS-Program» бағдарламасы талаптарына сай білім беру мен бағалауды жете меңгеру мен оқушыларды тәрбиелеуге дағдыландыру. Жасерекшеліктері мен жұмыс тәжірибесіне шектеу қойылмаған сынға әртүрлі пәннен сабақ беретін 6 ұстаз қатысты. Өз шәкірттері жайлы эссе жазу, ашық сабақ өткізу, ТЕDх үлгісінде еркін тақырыпта шешендік өнерін ортаға салу сынды тапсырмалардан тұрған сайыс өте қызықты әрі тартысқа толы болды. Бірінші тапсырма бойынша 800 сөзден асырмай эссе жазуға бір емес бірнеше оқушыны кейіпкер етуге рұқсат етілді. Ашық сабаққа 40 минут уақыт берілсе, соңғы тапсырмада қатысушы 10 минут ішінде бүгінгі білім саласындағы өзекті мәселелерден бастап, ұстаздық жолдағы қиындықтар жайында өз ойларын акт залына жиналған әріптестері алдында ортаға салды. Бір атап өтерлігі – сайыс бір күнде өткізілген жоқ. Әр тапсырманың арасында үміткерлерге келесі кезеңге дайындалуға уақыт берілді.
Сайыс жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына мектеп әкімшілігі, әдістемелік бірлестік жетекшілері, «мұғалім – сарапшы» педагогикалық шеберлік деңгейіне ие мектеп ұстаздар енді. Комиссия мүшелері мектеп директорының бұйрығымен бекітілді.
Бірнеше айға созылған сайыс қорытындысы бойынша 1 -ші орын химия пәнінің мұғалімі Меруерт Құдабековаға бұйырды. Ол жалпы тапсырмалар қорытындысы бойынша 14, 48 балл жинап, өзгелерден оқ бойы озық шықты. Екінші орында 9,47 баллмен куратор Альбина Мұсабекова иеленді. Жүлделі 3- ші орын 9,37 балл жинаған математика пәнінің ұстазы Балжан Смаилованың еншісіне тиді.
Жеңімпаздарды мектеп директоры Бағдан Қайыржанов құттықтап, мақтау қағаздарын ұсынды.

Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі