«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты аймақтық форумы өтті

Абай облысы жалпы білім беретін мектептердің жас педагогтеріне арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты аймақтық форум ұйымдастырылды. Форумға 200 –ге жуық делегат қатысты. Жауапкершілігі ауыр мамандықты меңгеріп, еңбек жолы жаңа басталған жас ұстаздарға аға буын, білікті әріптестерінен әдістемелік іс-тәжірибе алмасуды мақсат еткен шара мазмұнды әрі мағыналы өтті.


Жастарға жалынды сөздері мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісу үшін Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев, Абай облыстық мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов, Абай облыстық мәслихатының депутаты, даңқты балуан Айбек Нұғымаров, Семей қаласының JYSAN Банк директоры Әділет Оралбековтер шақырылды.


Форум аясында мәртебелі меймандардан бөлек мектебіміздің директоры Бағдан Қайыржанов, Өскемен қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Гүлфарида Раисовалар да сөз алып, ұстаздық жолдың оңай емес екенін, белгілі-бір нәтижеге жету үшін іздену мен үздіксіз еңбек ету керектігі жайлы ой қозғады.


– Ұстаздық еңбек өтілім аса көп емес, төрт жыл. Бүгінгі форумға қатысу арқылы біліктілігімді тағы бір сатыға көтергім келеді. Форум мен сияқты жас мамандарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Еліміздің келешегін оқыту, тәрбиелеу жолында бүгінгі заман талабына сай озық оқу бағдарламаларымен алдымен өзіміз, яғни, ұстаздар сусындауымыз керек. Ол үшін тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары аға буын әріптестерімізден үйренеріміз көп. Осы форумды ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, замандастарыма әр сәтті мақсатты пайдалана білейік деген тілек айтқым келеді, -дейді Жарма ауданынан келген жас ұстаз Ақмарал Иманбаева


Форумға қатысшылар тақырыптық алаңдарда бас қосып, «Сабақ құрастыру: жинақтаймыз және қолданамыз», «Функционалды сауатсыздық: тапшылықты қалай толтыруға болады», «Инклюзивті білім: жанама тәжірибеден өз іс-әрекетіне дейін», «Оқытуда АКТ-ны тиімді пайдалану» сынды өзекті мәселелерді қозғаған сабақтарда бас қосты. Сонымен қатар «Эмоциялық мәдениет» тренингі, жас ұстаздардың шеберлік сабақтары, ACTIVE SPOT ұйымдастырылды.