Менің мамандығым – менің болашағым

9 сыныптар арасында «Менің мамандығым – менің болашағым» тақырыбында онлайн TEDx форматында конференция өтті. Оған оқушылар мен ата-аналар қатысып, мамандықтар жайында өз ойларымен бөлісті. Бұл кездесу мамандық таңдауға әлі ойланып, бір шешім таба алмай жүрген немесе күмәні басым балаларға танымды сабақ болды.
Жасыратыны жоқ, көп жағдайда баланың өмірлік мамандығын таңдар алдында ата-ананың да ықпалы көп әсер етеді. Бірі солардың айтқанымен жүріп, кейін өкінішін білдірсе, енді бірі керісінше алғысын білдіреді. Мәселен, Гүлбақыт Қойлыбаева есімді ата-анамыз мектеп бітірер сәтте өзі қалаған емес, үйдегі үлкендердің таңдауына тоқтағанын айта келіп, қазір сол кәсіптің нағыз маманы болып отырғанын жеткізді. Бүгінде медицина саласында еңбек етіп келе жатқан ол сөз соңында аналық ақылын айтты. Аналарымыздың тағы бірі Жұмағайша Аязбекова қаржы саласындағы өз мамандығы жайлы қызықты деректерді алға тартты.
Мамандық – өмірлік азық. Сондықтан әр балаға бағыт-бағдар беріп, дұрыс жөн сілтей білудің маңызы зор. Өткізілген шарада оқушылар да өз ойларын ортаға салып, өздеріне қажетті ақпараттармен қанықты.


Айзере Қалихан,
9 «В» сынып оқушысы