Кітапханашылар электронды ресурстармен қалай жұмыс жасайды?

Заман ағымына қарай мектеп кітапханаларындағы қызмет түрі де жандану үстінде. Оқырманға қызмет көрсету сапасын арттыруда жаңашылдық қажет. Осы тарапта Назарбаев Зияткерлік мектептері кітапханашылары өз білгендерін өзге әріптестерімен бөлісіп келеді.
Білім ошағымыздың кітапханашылары Шолпан Сүмбембаева мен Әлия Қалдыбаевалардың ұйымдастыруымен “Қашықтықтан оқытуда оқыту үрдісіне көмек ретінде оқыту-білім ресурстары” атты онлайн семинар өткізілді. Семинарға қаламыздың 45 мектебінің кітапханашысы қатысты.
– Қашықтықтан оқыту оқушылардың функционалдық, ақпараттық,сыни тұрғыдан ойлау, ұйымдастырушылық, зерттеушілік, медиа-технологиялық қабілеттерді арттыруды көздейді. Осы бағытта кітапханашыға артылып отырған жауапкершілік жоғары. Сондықтан әріптестеріміз электронды ресурстармен жұмыс жасай білуі керек деп ойлаймыз. Өз тарапымыздан қашықтықтан оқу барысында ең өзекті саналатын әдіс-тәсілдерді ортаға салдық, – дейді шараны ұйымдастырушы кітапханашыларымыз.
Семинар барысында қатысушылар мектеп бағдарламасына қажетті әртүрлі электронды, атап айтқанда https://e-history.kz, http://kzworld.nis.edu.kz/, https://www.nationalgeographic.com/, https://kitap.kz/, https://adebiportal.kz/, https://www.livelib.ru/ платформалармен танысты. Сонымен қатар ақпарат іздеу бойынша түрлі практикалық жұмыстар орындалды. Кері байланыс барысында қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылып, кітапханашылар пәндер бойынша пайдалы ресурстармен бөлісті.


Баспасөз қызметі