Біз өзімізді қалай дамытып жүрміз?

«Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы семинар-практикумы бүгінде жалғасты. Бұл жолғы сабаққа қаламыздағы 11 тірек мектептің ұстаздары, тәлімгерлері, оқушылары қатысты. Кезекті мәрте ұйымдастырылған сабақтың ауқымы өте кең. Өйткені,жобаны жүзеге асыру бойынша әдістемелік қолдау көрсеткен Зияткерлік мектептің кураторлары мен оқушылары келушілерге еріктілер қозғалысы, еріктілер клубы жайлы ақпараттарды ортаға салды. Сонымен қатар  “Мотивациялық жаттығулар. Түрлері. Әлеуметтік интеллект пен тұлғаның жетістіктерін қалыптастырудағы рөлі.”, «Стивен Кови «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» тақырыптарында өз білгендерін үйретті.

Сабақ бірден қызықты басталып, ұйымдастыру кезеңінен кейінгі сергіту сәтінде «Жасампаз жандарды қалай елестетесіз?, Осындай адамдардың бойында қандай қасиеттер болады? Өзіңізді дамытуға арналған қандай кітаптар оқуға кеңес бересіздер?» деген сияқты қызықты сұрақтарға жауап ізделді.

Одан әрі «Мінез ерекшеліктері», «Приседушки», «Кішірейген газет», «Мұнара тұрғызу», «Баланс» мотивациялық тренингтер мен жаттығуларға ұласты. Осылардың барлығы тұлғаның жеке дамуына ғана емес, топтасып ұжымда жұмыс істей білу дағдыларын ұштауға көмектеседі.

Сабақ соңында әр қатысушы өз ойын «Табыс ағашына» түрлі-түсті жапырақтарды ілу арқылы білдірді.

Баспасөз қызметі