Түлектер көмегі

Білім ошағымызда мектеп түлектерімен байланыс жақсы жолға қойылған. Соның бір дәлелі 2017-2018 оқу жылы бітірген мектебіміздің түлектері, Назарбаев Университетінің студентері Теміржан Юсупов пен Әкежан Ракишев жақында  оқушыларға олимпиадалық программалаудан курс өткізді. Курсқа информатика пәнінің олимпиада мектебінің 7-10 сынып оқушылары қатысты.

С++  программалау тілі кез келген салада программалар жазуға өте қолайлы тіл болғандықтан, курс аясында оқушылар С++ программалау тілінде практикалық дағдыларын жетілдірді. Оқушыларымыз программалау курсынан және олимпиада мектебінен (жетекшісі Орынбаев Б.Н.) алған білімдері мен дағдыларын желілік олимпиадада тиімді қолдана білді. Нәтижесінде, Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы өткен желілік олимпиадада Мухаммадариф Сахмолдин  жүлделі 1 орынға, Дана Даменова 3 орынға ие болды.

10 сынып оқушысы Даменова Дананың пікірі: Мен олимпиадалық программалау курсына қатыстым. Курстың бірінші күнінде оқушыларды 2 топқа бөлді. Мен «жалғастырушы» тобына түстім. Біз күнделікті әртүрлі тапсырмалар орындадық: олар уақыты шектеулі жарыстар және арнайы тақырыптар бойынша әртүрлі қиындықтағы есептер. Алдымен біз есептерді 2,5 сағат өзіміз шығарып, тексеруге жіберіп отырдық, біраз уақыт өткеннен кейін Теміржан мен Әкежан бізге қиындық тудырған есептердің шешімін түсіндіріп беріп отырды. Олар өз әдістерімен бөлісуімен қатар, біздің де идеяларымызды тыңдап, есептердің шешу жолдарын жақсарту жөнінде көптеген пайдалы, қызықты кеңестерді беріп отырды. Сабақ уақытында біз бинарлық іздеу, динамикалық программалау, битмакстар, жолдар, құрылымдар т.б. тақырыптарды қарастырдық. Барлық осы тараулар олимпиадалық программалау кезінде қолданылатын таптырмайтын білім мен тәжірибе болып табылады, осы курстан алған білімім бен дағдыларым болашақ олимпиадаларда өз көмегін тигізеріне сенімім мол.

Динара Есмағамбетова,
Информатика пәні мұғалімі